03.06.2022
  96


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

КҮНГЕЙ ҚЫЗДЫҢ КҮМБЕЗІ

1
Аңыз ғой бұл, тарихта болған іс,
Бізден бұрын екі ғасыр қалды алыс.
Тұлпар мініп, ту көтерген арудың,
Рухына аз да болса қолғабыс.
Тигіз дейді тірлігім тіл қатып,
Ереуілдеп бойымдағы ар-намыс.
Жазам деумен жылдар өтіп жылыстап,
Кетіппін-ау, қоян қуып, шіл ұстап.
Тірлігім, енді маған тігілме,
Бағдарымды өзің ғана тұр нұсқап.
Ала-құла адамдарға сенбеймін,
Сол шіркіндер баяғыдан қырысты-ақ.
Ойсыз басқа қамасаң да тұрмайды əн,
Оңай-оспақ қолға тұрсын жыр қайдан.
Қолаңсалы құнсыз жырлар кезіп жүр,
Шыққан əйел сияқты боп бір байдан.
Тірлігім, оған да сен қам жеме,
Өнер жайлы болуы хақ бір майдан.
2
Айтар аңыз бала кезден бар есте,
Онда ақыл-ой қызылшақа нəресте.
Ауылдағы ақсақалдар бас қосып,
Айтушы еді төбе басы кеңесте.
«Күнгей қыздың күмбезінің орны деп,
Болар дейтін ана асуды белгі етсе».
Сол қарттардың жасы үлкені Бұланбай,
Қара сөзге жүйіріктігі құландай.
Əңгімені тым арыдан қозғайтын,
Қарашығын көк сеңгірден бір алмай.
Осы кезде ақ семсерлі Күнгей қыз,
Ақбоз атпен көрінетін ұрандай.
3
Мынау дала, мынау тастар қынабел,
Əлмисақтан көп істерге куəгер.
Атақты Алтай тауының бұл сілемі,
Теріскей мен күнгейінде тұрады ел.
Суынан ба, тұзынан ба білмеймін,
Бұл өңірдің адамдары туада өр.
Кім біледі қиыр жайлап, шет тұрып,
Жаужүрек боп өскен ел ме шеп құрып.
Мен білгелі сақтардың сар жұртынан,
Осы халық көшкен емес бет бұрып.
Олай болса табиғат пен талғамнан,
Адамдарға жұқса керек тектілік.
Деді-дағы қартымыз сəл қозғалып:
– Естір құлақ таба алмаған сөз ғарып,
Доғарайық құр мылжыңды деп еді.
– Балалар ғой,
Қара інген ғой боздауық,
Тынышталдық – деді отырған дауыстар,
– Əңгімеңіз келеді атай қозданып.
4
Қоңтайжының екі көзін қан басқан,
Кез екен ол жоңғар-қазақ жауласқан.
Сол заманның мұрағатын ақтарсаң,
Жер аттары Батыр өлген, Жау қашқан.
Соның бірі Күнгей қыздың күмбезі,
Əңгімені айтар болсақ əу бастан.
Дəулеткелді болған десед бай адам,
Жасы-дағы жетпістерге таяған.
Кіндігінен болмаған соң ұл бала,
Ел-жұрты боп ақсақалын аяған.
Тегін қусақ, текті атаның ұрпағы,
Алты арыстың абағынан тараған.
Алса-дағы үш əйелді бала үшін,
Құдай оған бере алмапты қол ұшын.
Ажал жетіп көзін жұмса бір күні,
Жамағайын төгіп-шашар толысын.
Тым болмаса қажыға да бармапты,
Өтеп алдан ахиреттік борышын.
Бар медеуі ата-ананың ардағы,
Ақ қайыңдай жалқы өскен жалдағы.
Күн астында күнгейі ғой бір ғана,
Досқа мерей, жауға салар сардары.
Десе дағы Дəукең қартты жүдетті,
Көптен бергі ауыр ойдың салмағы.
Ата қоныс жайлауы еді бұл дала,
Ортақтасқан қуанышқа, мұңға да.
Тұлпарының тұяқтары кетілген,
Бесік болған талай арыс тұлғаға.
Осы жерде алып қашып жесірін,
Тауы қайтқан жығынды боп құнға да.
Ата қоныс жайлауы еді бұл дала,
Ортақтасқан қуанышқа, мұңға да.
Бəріне де қимастықпен қарайды,
Моңғолдан да, қазақтан да қызғана.
Бұл өңірге қалай ие болады,
Жат жұрттыққа жаратылған қыз бала.
Бала кезден кесте тігіп, жүк жимай,
Тайынша мініп, тай үйретті құйындай.
Қыздың емес, ұл киімін кидіріп,
«Ұл бала» ғып өсірді ана ырымдай.
Содан болар, садақ тартып, аң аулап,
Ат үстінде өткізетін күнді ыңғай.
Ондай дəурен болсын қайдан баянды,
Қыз ержетсе, болар болмыс аян-ды.
Бозбалалар өзіменен тең өскен,
Көңіліне салды талай қаяуды.
«Ерке шора» күнім құрсын деді қыз,
Парықтамай өскен атты, жаяуды.
Бір кеш Күнгей шақырып ап жеңгесін:
– Жалған ғой бұл əйелге де, ерге сын.
Жеңешетай, ата-анама айтып бар!
Байқұстардың көңіліне келмесін.
Бойжеткендік өмірімді бастайын,
Сырғамды əкел! Камзолдың тақ теңгесін.
Жеңешетай, тұрғанда өсіп мерейім,
Не бағымнан, не сорымнан көрейін.
Ұнатқаның болса егер нұсқашы,
Етегінен ұстайын да ерейін.
Кешегі өткен Салиқа мен Сəмендей,
Жар жолында құрбандық боп өлейін.
5
Не десек жөн ағайынды, алашты,
Кейбіреуі ата жолдан адасты.
Ерке шора болып өскен жалғызға,
Қызыл көздер құдалыққа таласты.
Болып жатты бармақ басты, көз қысты,
Сайтан отын жылтылдатып жар асты.
Ақылды əке келгендерге сеспенен:
«Бəріңмен де үзеңгілес өскен ем.
Пайғамбар да жылатпаған қыздарын,
Қазақ салты əйел жолын кеспеген.
Əлі ол жайлы түйіншек бар шешпеген,
Мен қызымның өр талғамын ескерем».
Деп жауабын келте-келте қайырды,
Айтқандары дала заңы байырғы.
Қалың үшін қалың малын атаған,
Бай-манаптар беті қайтып майырылды.
«Күнгей онда қайсымызды сүйер» деп,
Жігіт біткен ес-ақылдан айырылды.
Кейбіреуі «күнім, айым» деп келді,
Кейбіреуі тегін бұлдап тап берді.
Кейбіреуі жеңгесіне «жеңгетай»
Ұсынбақ боп, торғын-торқа бөктерді.
Тəн сұлулық, жан сұлулық екеулеп,
Күнгей қыздың абыройын əуп деді.
Мейлі солар жұлдыз десін, гүл десін,
Бірін-бірі жамандасын, күндесін.
Махаббаттың білу үшін қадірін,
Алдыменен ғашық болуды үйренсін.
Жүрегіңнің жанар тауы атылмай,
Күнгей сұлу қалай ғана үйленсін.
Күнгей нағыз хас сұлудың өзі еді,
Жібектердің, Баяндардың көзі еді.
Ақылына көркемдігі сай еді,
Талғамы да, мінезі де өр еді.
Алты арыстан сөз салған көп жігіттің,
Əз басына тең емесін сезеді.
Күнгей бір күн өзгертті де кіл өңін:
– Сал-серілер, соншалықты кім едім?
Ат арытып, тон тоздырсақ жөн болмас,
Ауылдың жай қыздарының бірі едім.
Адамдардың табу қиын жүрегін,
Сондықтанда қоятын бар тілегім.
Демеңіздер үні шықпас жалғыздың,
Мен тілімді келер бəріңе алғызғым.
Бірінші шарт: «күшік күйеу» боласың,
Ата-анама өтейтін бұл парызың.
Жаз жайлауға, қыс отарға шығасың,
Жылқы дейтін жануармен жалы ұзын.
Екінші шарт: жаудан жерін қорғайтын,
Жігіт керек елі үшін сорлайтын.
Жүрегіңнің түгі шығып түн қатып,
Жар қойнына жайбарақат қонбайтын.
Жекпе-жекте басын алып жоңғардың,
Жаудың шебін найзағайдай торлайтын.
Қыздың сөзі үкім бе əлде, əмір ме?
Табынғандай тұрды бəрі тəңірге.
Екі қиын сауал тастап ортаға,
Жігіттерді талдырғаны
Тəйір не?
Сынауы ма, сырғағы ма белгісіз,
Əліп артын байқау қажет əлі де.
Жастардағы бақталастық, күндестік,
Қыз дегенде көрген қашан үндесіп.
Кейбір жігіт «күшік күйеу» болсақ деп,
Қыз жеңгесін айналдырды тілдесіп.
Кейбіреуі намыстанды «күшіктен»,
Бір ошаққа отырман деп мінгесіп.
Екінші шарт-батырлық пен ерлікті,
Қыз алдында көрсете алмай ез бұқты.
Кейбіреуі қызуымен қымыздың,
Жекпе-жекке шықпақшы боп желікті.
Осы сəтте белуардан сақалы,
Бір қария Күнгей қызға кезікті.
Қария айтты: қызым жөн-ақ талабың,
Серігі бол дей алмаймын баламның.
Серт үстінде ер мен езді сынайтын,
Қандай жақсы ед құрып қойған таразың.
Жəнібектей ер туған жоқ абақтан,
Қыз туғанын көрдім бүгін, қарағым.
Сенің бабаң болған десед сайыскер,
Табыныпты алдына ұстап қай істе ел.
Жауға аттансын, дауға аттансын ту ұстап,
Жеңімпаз боп оралыпты намысты ер.
Бірақ, бір жол құба қалмақ тұсында,
Жау қолында тұтқын болып қалыпты ол.
Сардар тұтқын қол-аяғы байлауда,
Кеткен екен жер түбіне айдауда.
Үмітсіздік сайтан ісі деген ғой,
Бір жылдан соң осы отырған жайлауда
Батыр бабаң моңғолдан бір қыз ертіп,
Тозған елін шақырыпты тойлауға.
Сол əжеңіз əйел заттың өңдісі,
Сұлулардың нысаналы меңдісі.
Болса керек қара емес, хан қызы,
Бабаңызды құтқарған да сол кісі.
Ғашық болып тұтқын қазақ жігітке,
Бірге қашқан ғашықтықтың белгісі.
Қуса-дағы құба қалмақ топ құрап,
Қылыштан да сескенбеген, оқ тұрмақ.
Абақ керей құт боп келген келіннің,
Маңдайынан қалайша жел соқтырмақ.
Сол анадан тараған көп əулетті,
Кемсіткенде деп атаймыз «көк тымақ».
6
Жайлаудың манаурап атқан таңы,
Тіршілік ұйқылы-ояу жатқан шағы.
Тер қатып тебінгіге шолғыншылар:
«Жау келді! Жау келді!» деп аттан салды.
Сол шақта қаңсарлы тау қалқалады,
Жоңғарды, терістікті жапқан шаңды.
Сол шақта қалың елде қалмады үрей,
Тоймаған ба əлі деп қанға дүлей.
Ереуіл атқа ер салды азаматтар,
Егеулі найза, шоқпарды алды əзірлей.
«Күшік күйеу» болғыштар жауға шаппай,
Малға шапты тағы да мал қамын жей.
Əр ауылдан шеп құрып жасауылдар,
Қан майданға аттанды, қарсы алыңдар.
Деп жар салды отағасы омыраулап:
Топ көбейсін, қанша əлі қосарың бар.
Тамырына Жоңғардың балта шауып,
Қайтып аяқ баспастай қопарыңдар.
Мең-зең болмай халқым-ау, басың көтер,
Тат басқан соң қынаптағы асыл бекер.
Алтыбақан қойыңдар ала ауызды,
Жоңғар таптап беліңнен басып өтер.
Ұлдарыңды құл қылып басыбайлы,
Бүлдіршіндей қызыңды қатын етер.
Иісі қазақ сүйегі жасып өтер.
Көрмедің бе «Алқакөл сұламаны»,
Қара таудың қаңырап құлағаны.
Есте шығар «Ақтабан шұбырынды»,
Жұртта қалған жетімнің жылағаны.
Жоңғар тағы қорласа елдігіңді,
Қорлық, зорлық өтер ме бұдан ары?
7
Бір тұрғыға жау шықты дабыл ұрып,
Қара құрым əскерін қағындырып.
Бір тұрғыда қазақтың қалың қолын,
Ақ туына Жəкеңнің табындырып.
Ұран салды қазақтар «Жəнібек!» деп,
Жоңғарларды алмақ боп бағындырып.
Осы шақта жоңғардан Жыртық батыр,
Аттың басын майданға бұрып батыл.
Жекпе-жекке шақырды қазақтарды,
Талай арысты өлтірген бұзық «кəпір».
«Ата жаудан кегімді аламын» деп,
Ат ойнатып шықты алға Ізқұтты ақыр.
Жыртық айтты: ей, батыр əлін білмес,
Болыпсыңдар бір маған бəрің күндес.
Жіберемін жаныңды жаһаннамға,
Бақа тілдес болмайық балық үндес.
Қорамсаққа қол салмай, найзаңды ұста,
Нағыз балуан аяқтан шалып жүрмес.
Ізқұтты айтты: сен жойыт антұрғансың,
Қан уыстап орныңнан қаз тұрғансың.
Бұрқаныңа жүгініп сыйына бер –
Сезген болсаң бойыңда жан тұрмасын.
Алты қарыс азуым, шайнап-бүркем,
Ит пен құсқа жем болар пақыр басың.
Шарт та шұрт боп сол сəтте кетті майдан,
Ұрандады жоңғарлар шепті жайған.
Қазақтар да бір жақтан «Абылайлап»,
Медет тілеп дүрлікті тек құдайдан.
Нəлет Шыңғыс бабаңа, өзіңе де,
Көршісіне оқ атып, өртті қойған.
Екі батыр сайысты жекпе-жекте,
Өлгенмен тең намысы текке кетсе.
Ақ тамақты найзасы жарқ-жұрқ етіп,
Сауыттарға шақ тиді айт дегенше.
Ізқұттының арманы қалмас еді,
Ақ тілегін ерлерше ақтап өтсе.
Жау солдан кеп болғанда салып өтпек,
Ұран шықты тағы да «Жəнібек!» деп.
Аты ойнап Жырықтың шыға берді,
Ізқұтты оны түсірді қағып ептеп.
Жоңғар жағы еңіреп күңіренді,
«Батырым-ай, арысым, бағым ед» деп.
Қазақ біткен сол шақта аруақтанып,
Тұрған еді жоңғарға салмақ салып.
Жоңғардың бір тағы да жас батыры,
Сəйгүлігін шықты алға самғаттырып.
«Жекпе-жек!» деп өр-қырлы шапқылады:
«Кімің келсең жатқызам қан қаптырып».
«Қорлық болмас халқым-ау, бұдан артық,
Қоймайық деп бұл жауды бұлаңдатып».
Жігітінен қазақтың біреу шықпай,
Күнгей шықты майданға ұрандатып.
Жоңғар, қазақ қалың қол таңырқасты,
Соғысады екен деп – бұлар қайтып.
Жігіт: соғысам деп бұл жерге сен деп келдім,
Қозып тұр-ау, ғашығым ел – деп кегің.
Қыз: аңдысқаннан жақсы ғой белдескенің,
Жауласқаннан жақсы ғой елдескенің.
Жігіт: екі жылдың алдында киік аулап,
Есте шығар осында кездескенім.
Қыз айтты: – онда мен он бестемін,
Қызық болды-ау, сондағы жол кескенің.
Жігіт айтты: – кетпекші ем алып қашып,
Батты маған жалғыз боп арда өскенің.
Қыз айтты: – қалмап ба ең шамаң жетпей,
Жігіт айтты: – сүйгізші, наркескенім...
Осы кезде жоңғардың атаманы,
Селге кетер болды – деп ата арманы.
Өз қолымен батырын жайратты кеп,
Сатқындарға осылай жасар заңы.
Ақылмен жауды алып, айласымен,
Бабалардан Күнгей қыз бата алды.
Болған десед бұл соғыс қанды қырғын,
Аялдатып сол маңға жауды бір күн.
Ертеңінде қазақтың қалың қолы,
Жабыла кеп лап қойған таңның нұрын.
Атой салып Күнгей қыз ақбоз атпен,
Көрсетіпті ерлігін, алғырлығын.
Құты қашып тасадан аңдыған жау:
– Бəрімізді осы деп талдырған дəу.
«Қашқан жауға қатын би» болмасын деп,
Тартты адырна бəрі де тағдырдан-ау.
Ақшам сөне Күнгей қыз жан үзіпті,
Бір биікке қадалып қанды жалау.
Қарт Алтайға бір қарап, қайта ұмтылып:
«Қош бол, дүние, махаббат, жай тіршілік.
Қош бол, елім, ата-анам əлпештеген,
Биігіңнен құладым атым шығып.
Елін қорғар ер тусын, тұлпар тусын,
Төбеңнен күн күймесін, ай тұтылып».
Депті де ару бақиға аттаныпты,
Бес қаруын басына жастаныпты.
Күмбезіне Күнгейдің құс ұя сап,
Бейбіт күннің нышаны басталыпты.
Көз жіберсек адамзат сапарына,
Жақсыдан ат, ақыннан хат қалыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу