Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  99


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҚОШ БОЛ, МАҚА

Бұл тағдыр жыр өзенін бір-ақ бұрып,
Құрдымға құйғаны ма құлаттырып.
Табытыңның алдында, қайран Мақа,
Қаралы өлең оқиын жылап тұрып.
Пайғамбардай табынған ел тіріңде,
Жіберуге қимай тұр жер түбіне.
Соңыңа ерген сормаңдай ақындарың,
Иықтары түсіңкі жетім күйде.
Көркем сөздің жаратып кереметін,
Еліктіргіш ақын ең өнерге тың.
Мұхтар да өткен пəниден,
Мағжан да өткен,
Кейінгіге сіз-дағы өнегесің.
Тіршілікте болған ғой талай сему,
Маңыздысы өзіне қалай сену.
Артқа мұра қалдыру ардың ісі,
Абайға ұқсап жыр жазу, Абайша өлу.
Ақша бұлттай шың құзға көше білген,
Неше жылап өмірде, неше күлген.
Ұстазым ең,
құдам ең
құдай дескен,
Рухани табынар көсемім ең.


Ел үшін деп тау-тасқа ұрған маңдай,
Кең дүниеден пішілген тұлғаң қандай.
Кешір, Мақа, кем-кетік дүниеде,
Артық-ауыс сөйлесек біз аңғармай.
Шығарсам деп ұрпақты күнде ұшпаққа,
Түскен де сіз едіңіз тұңғыш отқа.
Бұл жалғанның сыбысын ести-ести,
Кеткенің бе ауаша тыныш жаққа.
Бетіне ұстар халқымның беделі едің,
Рухани байлығы ең кедей елдің.
Тірісінде көзіңнің бердің, Мақа,
Оқырманның тілеген не керегін.
Табынбаған патшаға, тəңірге де,
Ұлы ақындар жатпайды тар үңгірде.
Сіз де Пушкин, Абайлар қатарында,
Халқыменен жасайсыз мəңгі бірге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу