Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  99


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҚОС ҚАНАТТАН АЙЫРЫЛДЫМ

Алысқа ұшар қайырылды қос қанатым,
Намысты ұштар майырылды қос болатым.
Құлагердей мерт болды жол ортада,
Аламан бəйгеге əкеп қосқан атым.
Екі иығым салбырап қалжырадым,
Екі көзім суалып қанжыладым.
Екеуінің жығылдым атын атап,
Елесім боп екеуі сандырағым.
Ол жерде де, бұл жерде күткен елі,
Тірі болса тарихты түптер еді.
Жер ұйығын іздеген Асанға ұқсап,
Алатауға отауын тіккен еді.
Қазығым деп осында келген еді,
Жаман емес аз жылда көмбе көрді.
Бірақ, қарғам, жас кетті бабалардың,
Табамын деп асылын көмген жерді.
Аса жүріп алдағы мұнар белді,
Құпиясын əлемнің ұғам деді.
Тірі болса титтей де тыным алмай,
Бір биікке қалайда шығар еді.
Ер боп өтті істемей ездің ісін,
Бəрін-бəрін жүретін сезіп ішім.
Бір көрсем деп аңсаған Алматыға,
Келгенім-ай, қаралы өлім үшін.
Бірі оңым, біреуі солым еді,
Мəңгі бақи қанбайды шөлім енді.
Олар қалып, мен егер өліп кетсем,
Екі жақтап жоқтаса орынды еді.
Арманымнан айрылдым тілегімнен,
Бұрынғыдан соғады жүрегім кем.
Қара қылды қақ жарған Еркеш сынды,
Рухани айрылдым тірегімнен.
Аңқылдаған ақ көңіл көпшіл еді,
Досына адал, арманшыл от жүрегі.
Алматының кітабын маған тасып,
Қуаныштан көңілім көпсіген-ді.
Енді кімді іштей мен мақтан етем,
Мəңгі екеуін жүректе сақтап өтем.
Туылғанда шырғалаң құдайым-ай,
Періштесі неге бір қақпады екен?
Талай дəурен тарих өтті бізден,
Шынарым-ай, көктеген көк түбірден.
Қиын-қыстау кездерде от пен суға,
Түсірместен екеуін жеткізіп ем.
Кім біліпті ажалдың торығанын,
Жаман түсті жақсыға жорығанмын.
Тіл, сұқ əлде тиді ме қос қарғама,
Маңдайымның не деген соры қалың.
Мені алмадың сұм ажал керек етсең,
Атқыладың екі уыз денені оқпен.
Еркінімнің жақында тойын жасап,
Алматыны думанға бөлемекші ем.
Амал қанша бəрі де іске аспады,
Құрулы екен тағдырдың мыс қақпаны.
Алтайы қызыл түлкідей қайран арман,
Алты қырдың астынан ұстатпады.
Ұлы таудың ұрпағы, ірі атаның,
Айналдырған ордаға күнде отауын.
Сыңарынан айрылған Əсанамды,
Нені айтып халқым-ау уатамын.
Кең дүние кейісең тар екен шын,
Екі бірдей құлады нар өркешім.
Зерде менен Жадырам сағынды ғой,
Қайдан тауып беремін жан əкесін.
Қос немерем шақырған мені осында,
Еркешім бар жүзінде, көз отында.
Екеуін де жетелеп апарайын,
Əкесіне – Райымбек селосына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу