Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  103


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҚҰЛПЫТАССЫЗ ЗИРАТ

Бабасын жаман атқа қисынба əулет,
Қойылад жер аты да қисынға кеп.
Бір жер бар Жетіаралдың шығысында,
Атаған халық оны жишюнбан деп.
Бұл атты жерлік халық қайдан қойған,
Жұрты ма далалықтың ойрандалған,
Деп едім, бір қария жауап берді:
– Ана жыл өзгертуге майдан болған.
– Олар кім?
– Шалдары ғой бірліксаптың,
Ол заман тозған шағы тұрмыс-салттың.
Бейкүнə жандарды да бебеулетіп,
Бетіне матастырған бір кітаптың.
Бір төбе тұр қасында балтырдан құм,
Кетпеген қырық жылдай басынан мұң.
Осында сал-серілер жатыр ұйықтап,
Бір татқан қарақоста бақыр дəмін.
– Кім қалды
– Жишюнбаннан,
– Өлгендер кім?
– Ағатай, барма əкемді көмгендерің.
Құлпытассыз зиратты тінте қарап,
Суымайды іздері келгендердің.
Ескерткіші бұ да бір өткен күннің,
Қажеті не басына екпе гүлдің.
Сүйектерге сүйеніп көктеп шыққан,
Қозасы да жетеді сексеуілдің.
Маңдайдан бақ тайған соң тозған ажар,
Əкелгендей осында қозғап ажал.
Өліктердің сүйреткен өлексесін,
Тарғыл мысық, саркіс пен тазқаралар...
Бəрі де ұмыт мастығы,
ашытқының.
Тыңдап қана жатқандай ат дүбірін.
Байғұз мұнда мекендеп бəйіт айтад,
Қонып түнде үстіне тас тұғырдың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу