Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  124


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

АУЫЛДАСТАР АРАСЫНАН

Өткізіп балалықтың бал дəуренін,
Бірі едің Ертіс, Қыран арда емгеннің.
Сен жүрсің Үрімжіде, мен Алтайда,
Дəм-тұзы тартпай кейде əудем жердің.
Жақында барып қайттым қарт мекенге,
Көлігім «Сиырбас» та, «Ақ бөкен» де –
Емесін білесің ғой, қой торының
Тізгінін қайсы арадан тартты екен де.
Алдымен шығып едім ояу құмға,
Бар екен мол тіршілік бояу мұнда.
Адамға қандай ыстық туған жердің,
Құсы да, бұтасы да, қояны да.
Құмдары Мəмеділдің аласарған,
Маңына ойдым-ойдым қала салған.
Мектептен келер жолға қарауылдап,
Шықпады Байтігіңнің анасы алдан.
Бұрынғы жол сорабы бұзылмапты,
Сенің де, менің-дағы ізім қапты.
Жолшыбай кезікпеді əкем маған,
Кезікпеді мұғалім бурыл атты.
Тоғайлар селдірепті дауылда ықтар,
Табиғатқа адамнан ауыр жұт бар.
Біз білер көне көздер азайыпты,
Азайыпты Ертістен ақиықтар.
Қондыратын бұл маңға көшін сүйреп,
Есілдер елден солай кетуші мед?
Елестеп өткен күндер, беу далада
Күйзеліп тұрдым бір сəт жетімсіреп.
Екі шал тігіп қойып иман туын,
Төбені дойбы ойнайтын қимай тұрдым.
Əлі де атайды екен бұл өңірді,
Қыстауы – деп, – Дүйсебай, Иманқұлдың.
Туған жер, суы зəмзəм, ауасы бал,
Бізді əлі бұрынғыдай баласынар.
Тұр бəрі қарт теректер, ауылдастай,
Тайыншамыз су ішетін қарасулар.
Достықтан арасынан қыл өтпейтін,
Аттарын жараулатып күнде ерттейтін.
Ағалар айналыпты ақсақалға,
Біздерді күндіз ертіп, түнде ертпейтін.
Бар екен сабақтастың бір қауымы,
Шақырды қойын сойып бізді ауылы.
Ұлдардан «кетік сары», «қиқар қара»,
Қыздардан сандуғаш, қырғауылы.
Қолына домбыра алып құрайтын əн,
Көп екен екеумізді сұрайтын жан.
Деседі:
Ауылымыз жаңалығы,
Қалмас деп бір жазушы, бір ақыннан.
Сұлтан мен болмадыңдар Айдын 1 құрлы,
Деп ашуға тағы бір шалың мінді.
Егерде сарғусынға барар болсаң,
Жетелей бар ат-шапан «айыбыңды».
Мамырлап биіктеген, манаураған,
Қандай тұнық қазақи даладағы əн.
Ұмытпасқа өткенді,
туған жерді,
Жөн екен жылында бір аралаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу