Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  121


Автор: Ақылбек Шаяхмет

АЛТЫ ЖОЛДАР

1.
Қарсы алған бейбіт күннің нұрлы таңын,
Өз үйім – Отанымның бір бұтағы.
Тірегі – туған жердің топырағы,
Жап-жасыл жайқалады жапырағы.
Бұлбұлдай күн шығарда жайнап тұрам,
Бұтаққа қонып алып сайрап тұрам.
 
2.
Қарттың көбін болмайды кəрі деуге,
Жалындайды от болып əлі кеуде.
Жігері жоқ, көтерген босқа кеуде,
Кей жігітті болмайды жас та деуге.
Жастықта жүрегіңде отың болсын,
Өмірде жақсылықпен атың қалсын!
3.
Жақсы ниет болса-дағы көңілде,
Іске асуы қиын оның өмірде.
Жаман пиғыл болса кейбір адамда,
Асырады ойын іске табанда.
Жақсылыққа баратын жол тым алыс,
Бірақ, оның бар екені қуаныш.
4.
Денсаулықтың басы дейді тазалық,
Тазалыққа мадақ жырды жазалық.
Өміріңе кірмеуі үшін əзəзіл,
Таза ас ішіп, таза киін, таза жүр!
Кір шалмасын, таза болсын жүрегің,
Игі ниет адамға осы тілегім!
5.
Болса бойда қайыспайтын нар-талап,
Мақсатыңды жүре аласың арқалап.
Даңғойлардың жетпесе оған өресі,
Су түбіне кетер батып кемесі.
Талабына білім қоссаң жарыста,
Жұлдызбен де таласасың ғарышта.
6.
Қап-қаранғы көрден жаман күндер бар,
Шұғылалы күннен жарық түндер бар,
Жақсылығын міндет қылар жандар бар,
Талантыңды күндеп тұрар жандар бар,
Соны ұғатын зердең болсын сезімде,
Көре алатын сəулең болсын көзінде.
7.
Жатпай-тұрмай, болса-дағы күн қысқа,
Бір тұрмайды, қыбырлайды құмырсқа
Құмырсқаның илеуіндей бұл өмір,
Арасына сына тауып кіре біл!
Сырын түгел ұққың келсе жер-көктің,
Ұйқыңды ашып, ұйымдасып, еңбек қыл!
8.
Күн артынан тағы да бір күн өтер,
Кешегіңді бүгін келіп түзетер.
Əр жаңа күн жаңа дəурен бастайды,
Бүгініңді ертең сызып тастайды.
Кеше. Бүгін. Ертеңіңе сенімің
Үшеуінен құралады Өмірің...
9.
Күнделікті күйбең жұмыс бітпейді,
Əр жаңа күн жаңа міндет жүктейді.
Көштен қалмай, елден озбай жүргенде,
Өмір, шіркін, кетеді өтіп бір демде.
Көппен бірге қартаясың, тозасың,
Озсаң, жалғыз ақылыңмен озасың.
10.
Серік болса сабыр менен қанағат,
Саған ешкім күле алмайды табалап.
Кұс төсекте жатсаң, бірақ, шалжиып,
Саған ешкім бере қоймас бал жиып.
Жас кезіңде бастан кешкен бейнет көп,
Қартайғанда оралады зейнет боп.
11.
Ұл өсірсең, талап болсын деп тіле,
Қыз өсірсең, қанат болсын деп тіле!
Əке-шеше бір мəуелі бəйтерек,
Жапырағы қурап қалса, қайтер ек?!
Созсың қолын ұл-қыздарың асқарға,
Бəйтеректер пана болсын жас талға.
 12.
Сырқат адам көп жатқан соң төсекте,
Өткен күнін жатады екен есептеп.
Сау адамның жігері мол, күші көп,
Өткен күнмен, кеткен күнмен ісі жоқ.
Саған алғыс айтуы үшін келешек,
Не тындырдың? Не бітірдің? Бер есеп!
13.
Əлдекімдер қолы жетсе мансапқа,
Жақсыларды жүгіртеді сан саққа.
Ал біреулер жүз иіліп, жалбақтап,
Əупіріммен қалт-құлт етіп жан бақпақ.
Мезгіл өтер, қалған көңіл тазарар,
Мұндайларға, əттең, қандай жаза бар?!
14.
Сүттей таза жан еді ғой десек те,
Біреу оны қосар еді өсекке.
Адал болсаң, сөз ергеннің несі айып?
Өсек қуса, кел, жеткізбей қашайық!
Қашып келіп дейтін болсаң: «жай табам!»,
Сол өсекке жолығасың қайтадан.
15.
Ең биікте ұшқан қыран не білді?
Ұшақтармен айқасам деп жеңілді.
Ең тереңде жүзген балық не білді?
Шабақтарды қорек қылып семірді.
Кең далада жүрген жаңдар не білді?
Түсінді адам ұлан-байтақ өмірді.
16.
Күн менен түн тұрса кезек алмасып,
Тауларды да жатпас мəңгі қар басып.
Өзен суы мезгіл жетсе тартылар,
Жер қойнынан алған кен де сарқылар.
Сыры қанша терең болса ғаламның,
Сарқылмайды ақыл-ойы адамның…
17.
Көкіректе болмаса да көп қайғы,
Кейде зауқың ештеңеге соқпайды.
Сондай сəтте достар келсе аңсаған,
Тал түсте де қайта атады таң саған.
Дос көп болса, судан құрғақ өтесін,
Дос көп болса, мұратыңа жетесің!
18.
Өмір бойы өлшеп өткен таразы,
Саған да жұрт болады екен наразы.
Ел алтынды қадірлесе ардақтап,
Сен бағасын бересің тек салмақтап.
Таспен бірдей алтынның да салмағы,
Тастың, бірақ, ондай құны болмады.
19.
Бақ өсірсен, жеміс берсін деп өсір,
Төрт құбылам тегістелсін деп өсір.
Мəңгі өмірдің жалғасына сенерсің,
Еңбегіңнің ақ уызын емерсің.
Орындалар талай арман аңсаған,
Сонда ғана алғыс айтар ел саған!
20.
Көпті ұйытып, ел басқарған көсемнің,
Ауыздыға сөз бермейтін шешеннің,
Қанша жанның жүрегі пəк, жаны нұр,
Əлсіз жері болады екен бəрібір.
Беделі үлкен, айбындары зордың да,
Дəрмені жоқ махаббаттың алдында.
21.
Болғанда жаным – арым садағасы,
Татқан дəм – тəнге берген қонақасы.
Кетеді кейде, бірақ, сазып жүрек,
Белгісіз жалғыз ғана сол арасы.
Жүрсең де күндіз-түні дамыл таппай,
Жүректің қиналасың бабын таппай.
  22.
Қанша сенім артсаң-дағы жүрекке,
Қолқа-бауыр маңы толған кіл өкпе.
Өкпешілдер алуан талап қойған соң,
Жету қиын мақсат қылған тілекке.
Бүйірімнен сығып кейде қос өкпем,
Дел-сал болып əзер тұрам төсектен.
23.
Екі қолды дейміз біздер қос қанат,
Екі аяғың – бəйгеге əкеп қосқан ат.
Көк жүзіне самғап шығу түк емес,
Болса болды ыстық жігер, жас талап.
Тек биікте қанаттарың талады,
Аяғың да тыным алса болады.
24.
Қос жанарың арада қап бір мұрын,
Бір біріне салмайды екен көз қырын.
Қатар жанған екі шырақ білмейді
Қашан, қайда сөнетұғын мезгілін.
Бірақ, оны білмегеннің несі айып,
Келер күннен тек жақсылық тосайық.
25.
Өлшегенде, болса-дағы салмақ тең,
Шынашақты қатар қойма бармақпен.
Аумен қанша кез болсаң да олжаға,
Балықты да аулау қызық қармақпен.
Біріксе де бір білектің алдында,
Бірдей емес бес саусағы қолдың да.
26.
Тілді ұстауға болмаған-ау басқа амал,
Отыз екі – ауыздағы тас қамал.
Тісіңді ашсаң, қызыл тілің сүйреңдеп,
Бал мен уды бірдей жалап, үйренбек.
Тілге, бірақ, қайтіп бұғау саласың,
Сол тіліңнен рахат, лəззат табасың.
27.
Естіместі естісе де қос құлақ,
Ақылы бар басқа бітсе, дос, бірақ.
Жақсы лебіз көтереді көңілді,
Жаман хабар қысқартады өмірді.
Ал шынында жарбиған қос құлағың
Көл шетіне шыққан жасыл құрағың.
28.
Өмір берген қасиетті кіндікті
Ақындарым анда-санда жыр қыпты.
Кие тұтсаң кіндік кескен жеріңді,
Ұмытпайсың ақ сүт берген еліңді.
Бұл туралы талай мəрте ойланғам,
Туған жерге кіндігіммен байланғам.
29.
Жайнап тұрған қурайды бір күн ағаш,
Кей қылығым көрінер, мүмкін, оғаш.
Жау кеткен соң қылышын қиға шауып,
Іс біткен соң адамды кім сынамас?!
Таспен ұрсаң абалап, қылар қауіп,
Итіңді ұрсаң сүйекпен, қыңсыламас.
30.
Жаны күйіп немесе беретін ем,
Жанкүйердің ұпайы неге түгел?!
Көпшіліктің айызын қандырады
Қолмен ұрып, аяқпен тебетіндер.
Қатесіне біреудің мəз болады
Бəрін қызық осының көретіндер.
31.
Бітпей жатса ойыңа алған бүкіл іс,
Тарылғандай тіршіліктің жолы кең,
Арам кісі қолданатын түкіргіш
Жасалады адалдардың қолымен,
Қандай лас болғанымен сыпырғыш,
Кір-қоқысты аластайды онымен.
  32.
Ести-ести өсек-аяң сөздерді
Құлағыңнан бұлақ ақты, қарашы.
Көре-көре ар-ұяттан безгенді
Тұз боп шықты көздеріңнің сорасы.
Бəрін-бəрін құлақ естіп, көз көрді,
Жазылды ма сонда жанның жарасы?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу