Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  76


Автор: Алтыншапақ ХАУТАЙ

ТƏУЕЛСІЗДІКПЕН СЫРЛАСУ

Қауырсын қанатын қаққанмен қара түн
Кеудемде қалады өзіңнің дара атың.
Ер мінез елімнің екінші атауы
Ежелден еркіндік болатын.
Өкпелеп жүргенде өкпекті Күзге мен
Жолықтым жанымды жауратқан сызбенен.
Сезсең ғой, ей, іңкəр азаттық, сені мен
Желмая мініп ап іздегем.
Елдіктің есімі ежелден еңселі
Еркіндік – жанымның құпия бөлшегі.
Өзекті өкініш өртеген болатын
Жоғалтып алғанда мен сені.
Шаға алмай ешкімге шерменде жан мұңын
Жалғанды жайлаған жаралы зарлық үн.
Қан жұтқам қайғыдан…
Қаратау басынан
Құлаған қаралы тағдырым…
Қиратып қазақтың мың үміт – кемесін
Бағыттап қалған-ды мерген – мұң жебесін
 Мен іштей аңсағам, көзімнен көшкенде
Əулие ғасырлар елесін.
Сен неге сарылттың, тым ұзақ көксеттің?
Бұғаудың азабын білсең ғой, бек шектім.
Даламның əр түйір қызғалдақтарын мен
Бабамның қанымен көктеттім.
Мен жүрген жолымнан əркім-ақ табар сыз
Сен неге көктемім, кешіктің хабарсыз?
Сырымды анамның тілінде айта алмай
Мен сені аңсағам, амалсыз…
Көбейіп кеткен-ді күрсінген əттеңім…
Бəрі өтті…
Шақтар да жұтқызған жат демін.
Сахара төсінде сағымдай жүйткіген
Сəйгүлік – ғұмырды сағынған сəттерім…
Саршұнақ аяздар сүйекті қарып ең,
Сансыз рет жазықсыз жас болып тамып ем…
Мен саған жеткенмін, азаттық асқары
Қасірет баспалдақтарымен.
Таң болып төккенде шұғылаң нақ түннен
Арайлы атыңды қайталап жаттым мен.
Айбарлы атағың əлемге таралып
Төрімде қаланып жатты іргең.
 Жоғалып таңдайдан тағы да тамсар мұң
Қанша рет күле атқан таңымды қарсы алдым.
Терезем теңеліп, алыптар елімен
Көркіме күллі əлем тамсанды.
Ұсынсын өзге жұрт сыйынан кен, мейлі
Басыма тың ноқта кигізгім келмейді.
Көгімде қалқыған көгілдір туымды
Өзімнің самалым тербейді.
Шақырып алдымнан шырайлы күміс бақ
Егемен елімде еркіндеу тыныстап.
Мен алға асығып барамын бұл күнде
Тəуелсіз туымды тік ұстап…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу