Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  177


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Сабақтастар

Абзал достар, қайдасың, бармысыңдар,
Көз алдыма келеді қарлы шыңдар.
Сендерді аңсап отырмын сəлем жолдап,
Сабақтастар, армысың, саумысыңдар.
Өткен күннің демейміз не керегі,
Тілеуі бір жандармыз кемедегі.
Сабақтастар бір тобың жүрсіңдер ме,
Жусан иісті көтеріп немереңді.
Бір дəуірдің біз-дағы қанаты едік,
Омырауын шындықтың таласа емдік.
Шындық пенен жалғанның арасында,
Шынықтырды тағдырың қара тер ғып,
Тобымызбен жүргенде шұрқырасып,
Жат ниеттің кетушед құты қашып.
Сері жігіт сондағы, сері қыздар,
Қутыңдасып қайда жүр, сыр тыңдасып.
Бірің кішік, біреуің керіскендей,
Жүруші едік тай-құлын тебіскендей.
Қулық, сұмдық дегенді білмейтұғын,
Қам-қайғысыз күндер-ай, періштедей.
Онда біздің еншіміз бөлінбеген,
Бір қалашты жатақта бөліп жеген.
Бір костюмды танцаға кезек кидік,
Сол екен-ау шынайы өмір деген.
Жоқты барғып жүруші ек құрастырып,
Жетпегенге жетем деп құлаш ұрдық.
Бір отбасы баласы секілді едік,
Руды да көрмеппіз сұрастырып.
Қас қылмадық онда бір аманатқа,
Бірін-бірі қимайтын жаман атқа.
Сен кеудеңді тосуға дайын тұрдың,
Біреу улы жебесін маған атса.
Бүгін достар барамыз қалай болып,
Алдыға-артқа қараймыз абай болып.
Жамыраған көп бұлақ болды ма өзен,
Қалай көшіп барамыз, қалай қонып.
Шұрқырасып неге енді табыспаймыз,
Табыспаймыз, бір көрген таныстаймыз.
Бір қалада отырып бір-біріміз,
Шақырыспай үйге де барыспаймыз.
Қол да тоңды тұратын жиы қысып,
Кездескенде өтеміз жымиысып.
Біз мінгескен көңілдің көк дөнені,
Болдырғаны осы ма иығы ісіп.
Бірің кішік, біреуің керіскендей,
Жүруші едік тай-құлын тебіскендей.
Қулық-сұмдық дегенді білмейтұғын,
Қам-қайғысыз күндер-ай, періштедей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу