Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  110


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Ағалап жүруші едің

Ошақтың үш бұтындай ағайынды ек,
Ағалап жүргеніңде маңайым көк.
Тарықсам ақыл қосып, дем беруші ең,
Тігілген қара жолда сарайым боп.
ЖОО-ның аттамай-ақ есігінен,
Өмірдің мектебінде жетіліп ең.
Аядай Шеміршекте2 жүрсең-дағы,
Сұңғыла ең дүниенің шетін білген.
Сенсіз енді күндерім өтсін қалай?
Қызыл көзді ажалдың көпсінгені-ай.
Тесе ұстаған қолыңда романдар,
Оқылатын үйіңнен Пушкин, Абай.
Өтетұғын осылай күнің жаңа,
Жауқазыны жаныңның бүрін жара.
Жеңгең саған «інім» деп ат қойған соң,
Кейінгілер атады «Інім аға».
Тасбиықтай не керек жыр тізгенім,
Қасыңда боп шешпедім тіл күрмеуін.
Алматыда екі ұлдың асын беріп,
Топырақ та салуға үлгірмедім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу