Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  112


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Наурыз күнгі тілек

Наурыз, наурыз, наурыз деп,
Қала да мəз, дала мəз.
Төлдеулікке ауыл кеп,
Көлге қонды алақаз.
Барады елім зорайып,
(Кедейінің саны айқын).
Жаңа өнімдер молайып,
Көп салықтар азайсын.
Ұлыс күні баршаға,
Қанағат, рахым орнасын.
Алтын сатып алса да,
Даңқын сатып алмасын.
Ырыс тарап қолынан,
Көктем келіп үйге енсін.
Жалқау тұрып орнынан,
Аңқау қулық үйренсін.
Түспей жерге гүл сынып,
Шапағат нұры шашылсын.
Сақауға да тіл шығып,
Тас құлақтар ашылсын.
Күніңнен əн, күй туып,
Өскенде елім мал-басың.
Күншілдіктің иті үріп,
Күнде ауылға бармасын.
Көктемдей боп көпке сал,
Бойыңда бар қанша өнер.
Күтулі бол екпе тал,
Өсексіз бол көшелер.
Ақ тілекке жетерме оқ,
Жақсы-жақсы күн келсін.
Бірлігіміз бекем боп,
Тірлігіміз гүлденсін.
Көркейе түс, кең өлкем,
Болса айыбым кеше гөр.
Түспесе екен көлеңкем,
Төгем нұрым болса егер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу