Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  112


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Ақын және оқырман

Бірінші жыр
Бармаса да таулар асып, тас басып,
Жүрмесе де пошташылар хат тасып.
Ақын менен қиырдағы оқырман,
Бір-бірімен жүреді ылғи достасып.
Болмаса да туысың, не қиысың,
Танымасаң да өзін-дағы, үй ішін.
Алатаудай атыңа мəз оған сен,
Бірде аға, бірде туған інісің.
Бірде оның ғашығысың аңсаған,
Бар жақсылық əлемдегі тəн саған.
Сенің тəтті лирикаңа əн қосып,
Жастар тобы тарқамайды танцадан.
Қыран құсын қырымға да сап байқар,
Оқырмансыз ақыныңнан бақ қайтар.
Жақсы оқырман жаны сүйген жырларды,
Жиын-тойда алдиярлап жатқа айтар.
Екінші жыр
Ақыныңның алмас қылыш, нар шағы,
Тындыра алды дейсің, қарғам, қаншаны.
Өзегіме өрт кетіре жазғанмен,
Өлеңіме өшіккендер бар тағы.
Көл толқыса тыншымайды жиегі,
Сиырлы көш сыйықсыздар түйені.
Ақаусыз ғып жаздым деген күнде де,
Өлеңдерім біреулерге тиеді.
Қазіргі адам күмəншілдер, күншілдер,
Тұлпарына дайындаған қыл шідер.
Жоғарыға жортақ мінез байқатып,
Төменгіге төрде өтіріп: «кімсің» дер.
Өлеңімде құстар да бар, аңдар бар,
Бəріне де болсын деймін алла жар.
Бүркіт емес,
Тазқараны жырласам,
Бізді айтты деп тоғышарлар шамданар.
Өмір барда кезігу бар, аман бар,
Тату-тəтті өтейікші адамдар.
Түлкіні айтсам, түліктердің бірі деп,
Алаяқтар: «біз бе екен» деп алаңдар.
Мен шығатын шалғайда тұр шың əлі,
Кейде қиял қанаттары сынады.
Əйел жайлы өлең жазсам, əйелім:
«Менен басқа кімің бар» деп шығады.
Ақыныңның алмас қылыш-нар шағы,
Тындыра алды дейсің, қарғам, қаншаны?!
Оқырманым оқты көзбен ататын,
Нысанаға жетуге əлі бар тағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу