Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  72


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Ақын

Бірінші жыр
Қай заманда көрмеген ақын жарып,
Өз бетімен жүреді зақымдалып.
Айтамын деп шындықты айғайлайды,
Құлағына патшаның жақын барып.
Ақын жанын жайлау қып, қыстап қайғы,
Алтын киік дүние ұстатпайды.
Өлмес өлең жазсам деп ойшыл ақын,
Қойнында да жарының тыныш жатпайды.
Ақын деген арманын күткен жүрек,
Жақсы менен жаманды түстеп жүред.
Нашар ұлық алдында жақсы ақыннан,
Саудагердің беделі үстемірек.
Алтын артып жүргендер, күміс артып,
Бірін алып жатады,
бірін сатып.
Ақын үшін баянсыз байлығыңнан,
Бір құлақтың тек қана тынышы артық.
Екінші жыр
Жақсы ақынның ғасыр аттап жыр-əні,
Көз алдында бүкіл дүние тұрады.
Жазғыштардың бəрі ақын болмайды,
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығады.
Нағыз ақын ойшыл адам, арлы адам,
Ертеңі үшін бүгін жанын жалдаған.
Дəметпейді арзан атақ, мансапты,
Ұлы Абай да болыстықты алмаған.
Жүргенде ақын орбитасында өлеңнің,
Анталайды қулық-сұмдық дегенің.
Қалайда, əйтеу періштесі қағады,
Тұрса-дағы жаны ұшында жебенің.
Ақын байқұс, елім десе еңіреп,
Өсектерді жеткізеді жел үрлеп.
Оқып жырын, мұңын шақты бір досым:
Неге біздің «топырағымыз жеңіл» – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу