Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  134


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Бір түйір дән

Жаз алты айды сыйғызып қауызына,
Қыс алты айды қаратқан ауызына.
Бір түйір дəн не деген құдіретті,
Адамдардың айналған аңызына.
Бір түйір дəн қай кезде ірге көмген,
Сабақтарын бұйралап кімдер өрген?!
Рауаят айтады:
– Жұп ата-анаң 1
Қуылғанда бейіштен бірге келген.
Лаңы аз ба ед жоқтықтың елге салған,
Күндер болған келмеген желге шамаң.
«Қайың сауған» жұттарда бір түйір дəн,
Бабамызды көз көрім жерге апарған.
Дастарқаннан қазекем дəн үзбеген,
Қап-қап құрт пен қарталы қазы жеген.
Соның бəрін апамыз тамақсынбай,
Жерік болып бір түйір дəн іздеген.
Əділетке бабалар іркілмеген,
Жауларына жасын боп күркіреген.
Төбелерге ту тіккен батырлардың,
Бір түйір дəн ұртында бүлкілдеген.
Дəн болған соң бар дейміз басқа байлық,
Дəнін шашқан тілеулерге ат байладық.
Тапсырдық деп дəм-тұзға отырамыз,
Кеткенде де жақының қасқа айналып.
Тоқ та болғам өмірде, аш та болғам,
Диқан да боп атызды таспалағам.
1 Адам ата мен Хау ана.
«Ас иманның атасы» дейді қазақ,
Бір түйір дəнді аяққа баспа, балам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу