Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  88


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Адамдар-ай, көнейін қай бабыңа?

Қатер, үміт төнгенде жан-жағыма,
Аз ғұмырды тартамын қай жағына.
Деп жүргенде, аяулы ағайын-ай,
Жұмсамақсың тағы да қай дауыңа.
Көшке берген тайымды алам дейсің,
Бармай қойсам,
көнейін қай бабыңа.
Есермін бе мен осы, аңғалмын ба?
Кеселмін бе болмайтын аңғаруға.
Есерлікпен ұтылған жерім болса,
Қасқыр да бар дегейсің тау барында.
Кесел болсам кешірме, кесіміңді айт,
От қойдым ба біреудің бау-бағына?!
Өзін емес, өзгенің қамын жеген,
Жұбайым-ай, көнейін қай бабыңа?
Есебі бар, жолы бар сауданың да,
Алдандым де тағы да дəу қарынға.
Бала аттан жығылмай жер танымас,
Үйренесің қолыңда мал барында.
Бүгін сені ол мықты алдағанмен,
Ұшырайды ол дағы алдануға.
Алдану мен алдаудың арасында
Бауырым-ай, көнейін қай бабыңа.
Қос немерем қарайлап жан-жағыма,
Алдыменен тиседі алдағыма.
«Түйе бол» деп шөгеріп таласады,
«Бая атанның» шудалы тамағына.
Мөлдір, зеңгір ырғалад екі өркешім,
«Қомдығымды» тесердей аяғы да.
Керуеншілер мата артып жүреді екен,
Жібек жолында «осындай» баяғыда.
Аталаған ақ үрпек сəбилер-ай,
Енді тағы көнейін қай бабыңа?
Қатер, үміт төнгенде жан-жағыма,
Аз ғұмырды тартамын қай жағына.
Біреу десе «қайығың қайрандайды»,
Біреу дейді «қарсы бір айда ағынға».
Кеме жүзген өмірдің өзенінде,
Адамдар-ай, көнейін қай бабыңа?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу