Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  91


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Жарымның жарнамасы

1-жыр
Мен енді қарға адым жер қозғала алман,
Тоқтайды осы араға тозған арбам.
Жантайып жер ортасы көктөбеге,
Мызғыйын жолаушыдай жолда қалған.
Шырқырап қалар артта құнан, тайым,
Иіген омырауымды суалтайын.
Келін боп түскенімде шашу шашқан,
Енемді тағы да бір қуантайын.
Қасынан орын алып сол кісінің,
Бастайын бақи дүние мол бір түнін.
Адамдар-ай, сонда да түгемес-ау,
Ғайбат айтып, сыртымнан тон пішуің.
Бала болдым, жас болдым, ана болдым,
Мені ұмытпас ұрпағым, саналы орным.
Бірге өскен дос-жаран сен де есіңе ап,
Дұға оқып жүр тұсынан қара жолдың.
2-жыр
Өмір жайлы жаз, Бəке, көптеп өлең,
Адамдарды жігерсіз жек көрем мен.
Төңірекке қарашы, мен ғана ма
Түсіп қалған мезгілсіз көк кемеден.
Отыз тоғыз жыл бірге сайран құрдық,
Көшкен жұрттан елестер қайран қызық.
Дүниеге келгенге өкінбеймін,
Қайтқандаймын жанжалды тойда жүріп.
Өмір жайлы жаз, Бəке, көптеп өлең,
Оңалмадым қақсаң да өкпеңменен.
Мен көрмеген мұратқа сен жете гөр,
Қысқа ғұмыр күрмеуге жетпегенмен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу