Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  114


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Алмас қылыш

Ұмытқандай болғанмен бүгін бəрін,
Шырқырады қаншама шыбын жаным.
Алысқандар азба еді аласатып,
Жүрегімнің жығам деп түгін қалың.
Қабанбайдай салатын қалмаққа ұрыс,
Дер шағымда бет қайтпас алмас қылыш.
Қаламымды қаңтарды қатал мезгіл,
Дүние шіркін, мəңгілік болмас тыныш.
Кеткенім көп, қолға аз келтіргенім,
Намысымды қалай да өлтірмедім.
Қыран қиял шарлады қияндарды,
Екпінімен жүргізіп жел диірменін.
Жол ортада аты өліп, арбасы қап,
Оты өшкен мезгілсіз аз ба шырақ?
Ойып орын ортадан алмай-ақ қой,
Алтын салған біреудің дорбасын ап.
Өнер жолы бұрын да, қазір бұраң,
Əлі талай түзелер, бұзылып əн.
Қашаған жыр қашады қарлы шыңға,
Құтылсам деп осының құрығынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу