Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  105


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Жүрек жарнамасы

Боз далада болса да болдырғаным,
Өз керуенім соқты өз қоңырауын.
Ақындардың есігін тоздырсам да,
Əкімдердің есігін тоздырмадым.
Атым келмей бəйгеден, құсым келмей,
Қамшысының мықтылар ұшын бермей.
Тіршілігім тырбанып жүгірсе де,
Кісілігім келеді кішіреймей.
Қайырылып қарасам іздеріме,
Жатыр онда қыс, жазым, күздерім де.
Білместігім болса егер болған шығар,
Күндестігім болмады күндерімде.
Содан болар көрген жоқ дос кемейіп,
Маңайыма қоныпты қос көбейіп.
Жалғандықты түсіріп жалманынан,
Шындықты алам жырыма бас герой қып.
Арман қуған сезеді шөлдер шағын,
Самалымен желпінем кербез таңның.
Алмағымды аламын алау күннен,
Салмағымды елге артпай, жерге артамын.
Ауқаттырақ болса екен ұлтым момын,
Жазираға бөлейік жұртын оның.
Келелі істің келеді кілті болғым,
Кең өрістің жауатын бұлты болғым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу