Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  229


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Нағашы ауылда

Сəлем саған өр Алтай, ұлы халық,
Қуалаған арманын құрық алып.
Құтты болсын, мереке – өлең тойың,
Айтпаса өлең қазақтың күні ғарып.
Армысыңдар ақылгөй дана кəрі,
Заманымның Біржан мен Саралары.
Өлең көші Қуүйге 1 жаңа қонды,
Баса алмай тұр ентігін қара нары.
Күмбір-күмбір міне осы жыр ауылы,
Жазушы, ақын, көресің жырауыңды.
Осы көштің сапары əлі де алыс,
Себім тисе болды ғой бұрау ғұрлы.
Мынау заман қай заман, біздің заман,
Шабытсыз құр қағазды сызғылаған.
Біз өткізген бүгінгі салтанатқа,
Ойлы көзбен қарады Қызқұлаған2
Жыр дүбірі бұл жолғы алдан шығар,
Талаптыға қашанда арман сыңар.
Ақын Ақыт аруағы риза боп,
Сүйіншілеп Абайға барған шығар.
Еске алсақ Ізқұтты, Арқалықты,
Қайдан алды батырлық, қайсарлықты.
Ел көсемі Шəріпқан, Дəлелқанды,
Бəрін-бəрін баулыған Алтай мықты.
Қарт Көктоғай шежіре көркем мүсін,
Берген жоқсың аз бодау өркен үшін.
1 жер аты. 2 жер аты.
Сенде алғаш Есімқан, Ырысқандар,
Үш аймақтың бастаған төңкерісін.
Өткеніңе үңілсем ой саласың,
Шежіре айтып тұр мынау сай-сала, шың.
Осы жерде оқ тиіп қансыраған
Сүлейменді сүйеген қайсы ағашың.
Сардарлары ол кездің жырыма айбын,
Атын қойып балама ырымдаймын.
Қарашоқы кейінгі ұрпағына,
Өзі болып көрінер Сұлубайдың.
Жерің асыл болғанда, елің де асыл,
Жүкті болған алдыңда келін ғасыр.
Мағаз бенен Күнгейдің шəкіртімін,
Ақыт асқан беліңнен мені де асыр.
Қуанамын шығыпты жыр жотаңа,
Мұнда айтылмай көңілде сыр жата ма.
Менің шешем өлеңшіл молқы1 қызы,
Жиенім деп ен сап бер бір ботаңа.
Ақ тілегің туған ел қандай ізгі,
Бұлт шалмасын ылайым маңдайыңды.
Нағашылар ала гөр қорашсынбай
Белдеуіңе байлайын байғазымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу