Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  89


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Домбыра

Мұра бар ма айтыңдар бұдан артық,
Сағынышым көрмесем тұрады артып.
Домбырамның пернесі, тиегі жоқ,
Кім əкеліп тастаған тұралатып.
Бар екен-ау, əлі де тым бейпілдер,
Енді неге төріме ілмейсіңдер.
Домбырасын қазақтың сыйламаған,
Қазақты да оншалық білмейтіндер.
Домбыра ғой тұлпарым, жалын түйген,
Бебеулетсе «Бозінген» жолымда иген.
Есерсоқтың біреуі шағып тастап,
Домбырадан кезім бар қолым күйген.
Қырсауланып тұрса да алты жерден,
Апталғандай сезінем алтынменен.
Біздің қазақ қобыз бен домбыра үшін,
Түсіп тұрып астындағы атын берген.
Шаламыз кім, білген жөн данамыз кім?
Домбырасы деп бұны – бабамыздың.
Құрметтеңдер
қазақтың рухы деп,
Құрметтеңдер!
Тілі – деп даламыздың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу