Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  86


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Көктем көрінісі

Көктем келсе білемін көк теңіз деп,
Жүгіремін жағалап өткел іздеп.
Сонда алдымнан түседі алтын көпір,
Қолтығымнан демейді көктем – қыз кеп.
Ұрық тиеп, тер басып от денесін,
Көктем айдап келеді көк кемесін.
Ұлы күні ұлыстың диқандар мəз,
Атызында бөрттіріп көп көжесін.
Көктем келіп көйлекшең асады қыр,
Текеметтей далама басады гүл.
Күншілдікпен қарайды жылыжайдан,
Жалған көктем – біз қойған жасанды гүл.
Көктем кейде құлын боп кісінейді,
Ақ көжек боп сəбидің түсіне енді.
Боз далада боздайды бота болып,
Бұтағынан ағаштар түсірмейді.
Жер бауырлап бұлт ұшып құндыз қара,
Мастанады жусанды уыз дала.
Тауық жылдың табысы таудай болар,
Деп сөйлейді қарт ашқан «Жұлдызнама».
Наурыз күні ұшырам жыр кептерін,
Тірліктегі бір күнім – бір көктемім.
Қайдан білдің, мен-дағы бидай құсап,
«Біреу үшін мың өліп, мың көктермін».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу