Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  92


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Аққулар зары

Туған жер деп сайрадық,
Ұзақ сапар,
жан жүдеп.
Қанатымыз қайрылып,
Оралып ек сап түзеп.
Мамығымыз кірледі,
Қонатұғын көл қайда?
Саяхаттың дүрмегі,
Сағынышқа тор жайма.
Қыран, Ертіс «ауырды»,
Зауыт оны тыңдай ма.
Суға төсеп бауырды,
Мамырлайтын күн қайда?
Жемі болдық қарудың,
Сыйғызбады кең жайға.
Бізге балап аруын,
Ырымдайтын ел қайда?
Бізді Алтайға қарасты,
Су перісі демеңіз.
Үліңгір мен Қанасты,
Түсімізде көреміз.
Ей, адамдар, тегің кім?
Ортақ орман,
Қорық,
Жер.
Тым болмаса көңілдің,
Көлшігінен орын бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу