Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  96


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Бәйгетөбе

Шаң басып жатырсың ба, Бəйгетөбем,
Тау құсап жетпесе де айға төбең.
Киелі кіндігісің сары даламның,
Жырымды саған төкпей қайда төгем?!
Шығатын ереуілдеп той десе елің,
Сақтардың үйіп кеткен қоймасы едің.
Баласы алты арыстың атқа мінсе,
Дариға-ай, қызығыңа тоймаушы едім.
Даланы дүрліктірген құла шаң ғып,
Сыйладың жүйріктерге қыран шабыт.
Бəйгеден аты келсе менің əкем,
Тұратын аруақтанып, ұран салып.
Елестеп өте шықты-ау, талай думан,
Желденіп топ ішінде қалай қызғам.
Тіленіп шығып алып қызқуарға,
Жедім ғой ашты таяқ талай қыздан.
Бір жақта балуан түсіп, лақ тартып,
Кететін бұл сахара бір-ақ шалқып.
Бозбала боз борандап теңге ілсе,
Жорғалар сал-серіні ырғақтатып.
Сондағы, Бəйгетөбе, салтың қайда?
Бермейтін бір жесірге атың қайда.
Иіріп керей, уақ, найманыңды,
Ойынды басқаратын қартың қайда?!
Бар қазір ат бəйге де, құнан бəйге,
Қайтамыз көңіл сынып мұнан кейде.
Өзіңе иық сүйеп Ақан сері,
Тұрғандай жоқтау айтып Құлагерге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу