Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  80


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Көкқамыс

Армысың, ата қоныс, Көкқамысым,
Өзіңде аяқтанған көп намысым.
Торғайды борбайына сигізетін,
Қайда жүр қырғи дейтін сотқар құсың.
Мен саған өзегімді өртеп барам,
Əлі де секілдісің ертек маған.
Қыздарға қырғиыңша тиетұғын,
Қайда екен шынашақтай тентек балаң.
Кəрі қоныс, асыл мекен, жасыл мекен,
Аунайыншы, сезілмес тасың бөтен.
Əкемнің қамшысының ұшы тиген,
Жауырыным тағы бір ашырма екен.
– Балалардың едің, – деп, – ең осалы,
Шіліктерің шыпқыртып мені осады.
О, тəйір-ай, үй орны қайда қалған?
Қай жерде еді шешемнің жер ошағы!?
О, туған жер, жатырсың бəрін біліп,
Сағынышпен қараймын мен əңгүдік.
Көз алдымда ақ орда тігіле қап,
Шымылдықтан шығардай жарым күліп.
Сол дəуренім, шіркін-ай, сол күнім-ау,
Бірде-бірін таба алмай болдырдым-ау.
Жолбарыстай жұлқынып ширығамын,
Тірліктегі бұза алмай торды мынау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу