Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  96


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Ақындар айтысы

Халқым тегі асыл шын,
Сөзден алған еншіні.
Айтыс деген ақынның,
Таржол, тайғақ кешуі.
Салт-санасы бай елдің,
Ардағы қыз, келіні.
Айтыс деген əйелдің,
Алғашқы алған теңдігі.
Өлең туар дана ойдан,
Əн айшықтар əсем қып.
Айтыс деген Абайдан,
Қалған бізге шешендік.
Халқым, кімнен тұлғаң кем,
Күй басы өзің, əн басы.
Айтыс деген Біржан мен
Саралардың жалғасы.
Талай шепті бұзған кеп,
Тігіліп қос байрағы.
Айтыс деген Құрманбек –
Жамалқанның майданы.
Домбырасы шертілген,
Арман бар ма елде осы.
Айтыс деген Еркін мен
Шəкендердің көмбесі.
Ақын да ұқсас сəбимен,
Шындықты айтар жыр күші.
Айтыс деген Ғали мен
Дариғаның жұлысы.
Қандай, аяқ алысың?
Ездікті елің жек көред.
Айтыс деген намысың,
Пушкин шыққан жекпе-жек.
Мынау шыққан өрем деп,
Өнерге жат марқайған.
Өмір бойы өлең деп,
Асқар, Мағаз қартайған.
Рухани кедейлік,
Арылғанда ел басынан.
Мешел жырды бедел ғып,
Ұят асып-тасыған.
Болған да жөн сыпайы,
Аумай ата жолынан.
Қызғанда айтыс сипайды,
Жолбарысты жонынан.
Айтыс деген арманды,
Алыстарға ұшыру.
Айтыс деген жалғанды,
Жалманынан түсіру.
Айтыс деген сананың,
Саялы орман көктемі.
Оқитын тіл сабағын,
Əріптестер мектебі.
Бір қауызға ғаламды,
Сиғызатын кезің бұл.
Сөзден өлген бабаңды,
Тұрғызатын кезің бұл.
Образды ой, тереңдік,
Болсын көркем сөзің тың.
Жақсы ақындар əлемдік,
Сахынадан көрінсін.
Халқым, өстік саяңда,
Қарыздармыз ел-жерге.
Ақыныңды аяла,
Əкіміңнен кем көрме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу