Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  104


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Алтай қысы

Ақ көбелек қаптаса,
Сай-сала іздеп қонар ма.
«Ақ мылтығын» атпаса,
Алтай Алтай болар ма.
Ақ қылышын айға ұрып,
Ақбозымен шаппаса.
Езуіне май құйрық,
Қыс болар ма қатпаса.
Мынау, сайын даланы,
Ақ теңіз де телегей.
Таулар жүзіп барады,
Ақ желкенді кемедей.
Ақ толқындар кес-кестей,
Алды-артыңды орайды.
Тірлік отым өшпес деп,
Жолаушы жол санайды.
Жеті қабат жер қызды,
Қыстың көзі қылауда.
Қарт анадай жел-құзды,
Ертіс түсті бұлауға.
Желмаясын желдіртіп,
Асан қайғы кешегі.
Қысы алты ай, жері сүт,
Мекендепті деседі.
Содан бері ғасырдың,
Өтіпті сан көштері.
Ақ қар, көк мұз, жасыл құм,
Қоламтасы өшпейді.
Сөкпейікші, қысты көп,
Борандатсын боздатып.
Көктем қызға жүкті боп,
Жатқандай ол толғатып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу