Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  102


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Қыстау

Шықтым-дағы белеске,
Ентеледім қуанып.
Біздің қыстау емес пе,
Түтіні ұшқан шұбалып.
Бір қадасы өнсе де,
Маған зəулім жыр екен.
Əке-шешем өлсе де,
Қыстау əлі тірі екен.
Күтіп мұнда қораны,
Баптаушы еді-ау құс, атын.
Біздің үйдің қыраны
Ертіс бойлап ұшатын.
Балалықта желік көп,
Дəуін ұстап қарғаның.
Алғаш əкеме еліктеп,
Құсбегі де болғанмын.
Ондағы ауыл, салтанат,
Болмаса да қалпында.
Көне үйге махаббат,
Сағынышым артуда.
Жақсы өтсін деп күн-айлар,
Болған шығар жылы бақ.
Не болмаса жұбайлар
Кірген шығар ырымдап.
Ағайынға талабым:
– Жаңартайық жабылып.
Жетімсіреп қаламын,
Бұзба – дейім жалынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу