Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  88


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Өрмегейті

Жатырсың қандай күйде, Өрмегейтім,
Бабама көшіңді тарт төрге дейтін.
Сағындым көп жыл болып көрмегелі,
Сені ойлап күн бар ма шөлдемейтін.
Туған жер, сені өзгеден парықтаймын,
Бір аунап ойнақтаушы ед арық тайым.
Үш салаң үш рулы елге қоныс,
Ақсала, Астаушаң мен Қалықбайың.
Қыранның 2 қияндағы басымын деп,
Болушы ед өзеніңнің тасуы көп.
Сыртқы моңғолға асатын кезеңін де,
Атайтын Құтымбеттің асуы деп.
Мінгесіп жұлдыздарға көрші қонып,
Түнде бай, күндізіңде қойшы болып.
Шығатын шыңдарыңа менің əкем,
Ұлына үйленбеген енші бөліп.
Бір ауыл қарасы мол отыз үйлі,
Тыңдаушы ек отыз үйден отыз күйді.
Ақ ортақ, əн ортақ деп отыратын,
Қазақтың берекесі-ай оты күйлі.
1 Өрмегейті – жер аты. 2 Қыран – өзен аты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу