Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  95


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Ертіс

Бабалардың жолдасы,
Көне көздей сезінем.
Өзендердің қолбасы,
Сəлем Ертіс шежірем.
Сенен ырыс тасылған,
Жүздір дəуір кемесін.
Жұлдыздарың шашылған,
Сапар шегіп келесің.
Аққу қонған төсіңді,
Аймалайын Ертісім.
Қызғышың боп өзіңді,
Айналайын Ертісім.
Балығыңа жерік боп,
Шешем саған қараған.
Бесігіме берік – деп,
Əкем сенен тал алған.
Шіркін менің Ертісім,
Еркін өстім бойыңда.
Суыңды іштім серт үшін,
Жорықтардың жолында.
Ой түсірдің маған да,
(Ұят болар келіннен).
Боз балаң боп жағаңда,
Жұбайыма көрінгем.
Тұңғышымның жөргегін,
Жуған сенде жұбайым.
Содан саған мен де мың
Борышты боп тұрамын.
Шалқы, шандоз өзенім,
Даңқыңды ұрпақ көтермек.
Қарлығашым – өлеңім,
Қалсын сенде мекендеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу