Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  79


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Дала шарапаты

Қаңлылар мен сақтардың,
Сарқыты бар үйімде.
Алмағайып шақтардың,
Тарихы бар күйімде.
Буы шарпыр алтынның,
Далам күміс қияқты.
Қыпшақтардың атының
Дүбірі бар сияқты.
Бар өрі де, ылдиы,
Жібек жолы шырақты.
Үйсіндердің Күн биі,
Күнсап тұрған сияқты.
Малын бағып, кен қортып,
Бабам өткен даламда.
Керейлердің кең қолтық,
Пішіні бар баламда.
Тау, өзенім басында,
Бір тегімнің аты бар.
Көк жаңқалы тасында,
Күлтегіннің хаты бар.
Шарапаты солардың,
Айналдырды ақынға.
Туған жерде тұмарым,
Көкпар жырым тақымда.
Қабанбайдай ноянның,
Қызуы бар ұлымда.
Қыз Жібек пен Баянның,
Қылығы бар қызымда.
Сабақтасқан даламда,
Бүгін менен кешегі.
Даналықтың санамда,
Қоңыр желі еседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу