Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  170


Автор: Азамат Тасқараұлы

Құстар қайтып бара жатыр аспандап...

Құстар қайтып бара жатыр аспандап,
Аспан асты ағыл-тегіл жас парлап.
Қайта оралмас күндерді ойлап
мен тұрмын,
Бір сүргіннің кезі келді басталмақ.
Түсіндіре алман, сірә, себебін,
Ана-а-ау ұшқан құстар емес,
Өлеңім!
Айнасы бар, адамы жоқ үйдеймін,
Үй сыртында момын күзді көремін.
Көрген сайын келеді ылғи қош атқым,
Қайран, дүние, ебіл-себіл бес-ақ күн.
Ұшып-қонып ойнасын деп мен бүгін
Мұң шарпыған құстарымды босаттым.
«Құс-көңілім жылу сүйгіш» десем де,
Бір салқындық шайқалады кесемде.
Кешікпесе бақыт деген бақыт па?
Әлі-ақ менің той болады көшемде!
Тауға ілініп, тұман жаққа маңады Ай,
Тұман үсті көздер төніп танадай.
Қайта оралмас күндерді ойлап
мен тұрмын
Әкесінен сөз естіген баладай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу