Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  110


Автор: Азамат Тасқараұлы

Болашақта оқылатын өлең

Молама, достарым, келіңдер,
Сау болып немесе мас болып.
Ақынның жағдайын көріңдер
Күңгірлеп жататын тас болып.
Басыма гүл қадап қойыңдар,
Елжіреп қалармын сонда аса.
Немесе дастархан жайыңдар,
Ән салып қайтыңдар болмаса.
Болса егер орындық, отырып,
Арақтың ауызын ашыңдар.
Достардың барлығын шақырып,
Басыңдар, тағы да басыңдар.
Мұң шағып үніңіз қаусырса,
Сіздерге беретін жалын бар.
Айтатын әңгіме таусылса,
Саясат жайлы айта салыңдар.
Биік дей көрмеңдер талғамы,
Сүйемін сорын да даламның.
Жылы сөз айтылса болғаны
Үстінде көңілді моламның.
Жастарым өлеңін арнасын,
Қастарым даттасын көпіріп.
Мен жайлы аңыз көп болғасын,
Мен жайлы айтыңдар өтірік.
Алды-арты болды да жар-кілең,
Күтті де бақытты көктемін.
Әйтеуір, бір шыңдық бар, білем:
Ол – менің өмірден өткенім.
Инеге отырып сасқанда,
Жұмылғам арудың көзіндей.
Бір өлең боп тұрам аспанда,
Бір өлең – аспанның өзіндей.
Әй, осы өлмеймін, сеніңдер!
Дерт қалмас жүрегім татпаған.
Молама, достарым, келіңдер,
Молама – мен мүлдем жатпаған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу