Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  110


Автор: Азамат Тасқараұлы

Білтедей баяу сөніп қыр...

Білтедей баяу сөніп қыр,
Бұйдасын үзіп, жел шөккен...
Ақжем боп ақшам келіп тұр,
Арқасын Айдың көрсеткен.
Тобықтан ұрып салқыны,
Тарлауыт асқан,
Талай бел.
Қайтеді-ей мені, жалқыны,
Тапқан да досын қарай гөр.
Адымын шәлкес басады,
Өмірдің айтып озанын.
Сапырып сосын... қашады,
Көзімнің ыстық қазанын.
«Сұрама, – дедім, – қал менен»,
Байғұсым жылай жаздады.
«Абайдың әнін сал» деп ем,
Қазақтың зарын қозғады.
Сезілді кенет түнгі ызғар,
Жібітіп қатты көңілді.
Тамшылап жатты жұлдыздар,
Арқалап бір-бір өмірді.
Көргендей түрін тозақтың,
Ішкендей ірің құйып ап,
Бір қауым ғана қазақтың
Дос-жауы болған қиын-ақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу