Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  95


Автор: Азамат Тасқараұлы

Ақ кеме

Өзен демі өзеуреткен мені де,
Кірпігіме сонда-ақ тұнған қырау шын.
Ескі күнге қарап тұрған еліге,
Есенсің бе, шыр жұқпаған шыралжын?!.
Ұбақ-шұбақ ұлпа бұлтқа ұсадым,
Сәтсіз шығып теңеуім.
Маңдайыңнан иіскейін, жусаным,
Аяғыңа жығылайын, селеуім...
Бұғы Ананың мен де емшегін
талмадым,
Апы кіріп ауызына аңғардың.
Балық болып жүзіп кете алмадым,
Балық қанды кіділеу бір жан болдым.
Жай тасындай жастығыммен алысқам,
О, қай кезде қақ бөліндік бақпенен?
Қуқыл ымырт құлазыса...
Алыстан
Менің дағы көрінеді ақ кемем.
Диірменнің қалағынан ұшқандай,
Бидай құрлы тағдырым.
Бидайық сол құстардай,
Сағынысқан жаңбырын.
Бұлың-бұлың бір елесті құшқандай,
Бұғауынан босап шығып қарғының...
Балалықтың қауызы түсіп келіге,
Жол қамына ерте бастан көндім бе?
Ескі күнге қарап тұрған еліге
Шыр жұқпаған шыралжын ба,
менмін бе?
Ескі күннің естелігін сан үзгем,
Болдым және айкезбе.
...Аңғал шақтан жалғыз аяқ дәлізбен
Болашаққа шығып кеттік қай кезде?!.
Бұлт ішінен Бұғы Анамды көремін,
Тұман сосын аймалайды денемді.
...Жағалауға әлі талай келемін,
Көру үшін түтін атқан кемемді.
Алыстаған кемемді..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу