Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  87


Автор: Азамат Тасқараұлы

Қарындас-бұлт

Мен ауылдан кеткен кезде көктем-тін,
Көңіл сонда шыққан еді шектен тым.
Қарындас-бұлт мұңын шағып Алтайға,
Моншақ жасын жүрегіме төккен түн.
Еншісіне бір жылулық тимеген
Қоштасуды о бастан-ақ сүймеп ем.
Ертіс бойлап кетіп бара жаттым мен,
Жел ғана үнсіз бөрте сайда билеген.
Қарындас-бұлт, сені мұңлы демес ем,
Сол түні ауыр күрсініп ең неге сен?!
...Біздің жақтың қалжыңы ащы,
айтпақшы,
«Тақпағыңды қойсаш!..» –
деді жеңешем.
Көктем еді.
Көктем деген шақ қана,
Үнсіз кеткем, кеткенім жоқ мақтана.
Өмір солай алғашқы рет бір шоғын
Тастай салды жүрек дейтін мақтама.
Ауыл айын еске алам деп қияқты,
Жанарымнан жақұт күндер жиі ақты.
Кәрі Алтайға мұңын шағып,
Мені ойлап,
Қарындасым жылап тұрған сияқты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу