Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  250


Автор: Мақсат Әлсейітов

Ұйқысыз түн өткеріп азаптанам...

Ұйқысыз түн өткеріп азаптанам,
Басқадан қажет емес ләззат маған.
«Қайғысыз ғазиз жүрек зарламас» деп,
Қалайша біліп айтқан қазақ бабам.
Жыр қылып жүректен шер тамызамын,
Тағдырдың солай болды заңы жаным.
Барады есім ауып, аңқам кеуіп,
Өмірдің көре-көре аңызағын.
Сарғайтты сағыныштың кіл аптабы,
Жасық деп ойлап қалма бірақ тағы.
Ғашықпын жасық емес жаны мұңлы,
Өзіңсің көңілімнің шуақ таңы.
Бәрінен артық сүйдім бозбаланың,
Өзіңе осы бақыт аз ба жаным!?
Жанымды жаныңменен ұққың келсе,
Тыңдап көр аруананың боздағанын.
Сонда сен түсінерсің жалын жырға.
Білерсің бұйырдым ба, жалындым ба?!
Жырларым олқы соғып жатса егер,
Шырлаған бозторғайдың әнін тыңда!
Тыңда да аруананың боздағанын,
Есті де бозторғайдың созған әнін.
Кейінге кездесуді созба, жаным
Өйткені жынданудан аз қаламын.
Қулықтан жырақ тұрған, ұзақ тұрған,
Жан едім қабағында сызат тұрған.
Әдіспен ақ қоянды қағып түсер,
Айлалы аңшы емеспін тұзақ құрған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу