Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  145


Автор: Мақсат Әлсейітов

Орманбет бидің толғауы


Он сан ноғай оң жаққа кетті ыдырап,
Өмен дария тартылып кепті қурап.
Көрінбейтін бір қылыш кесіп тастап,
Бөлшек-бөлшек бөлініп боп тұр уақ.
Бірі кетті басқаның ығын ықтап,
Басын бақты біреуі тығылып қап.
Он саусағым жұмылса,
Хас жауымның,
Қанатар ем тұмсығын жұдырықтап.
Жұдырыққа он саусақ айналмады,
Қалқан ұстап қорғанып найза алмады.
Қазағым мен ноғайым,
Қос уыс боп,
Медет тілеп тәңірге қол жаймады.
Тәңірге емес пендеге жайды алақан,
Шын досты емес іздеді «пайдалы» адам.
Өз басының бақытын бағаламай,
Адасып жүр бақ іздеп айдаладан.
Қарасүйек он бір би талады елді*,
Пара жеді – негізіне бара берді.
Лас жолдан шыға алмай былғанғандар,
Жұртқа қалай көрсетсін сара жолды.
Тектілік жоқ тартпайтын туысына,
(Елді ойлатпас мансаптың буы, сірә)
Жемге құмар он бір би,
Жемге алданып,
Түсті барып басқаның уысына.
Уысында басқаның бишара боп,
Қысым көріп, құл болып жүр шара жоқ.
Сүйегіме басылған құлдық таңба,
Жанымды өртеп сыздатып тұр жара боп.
Еділ еді бабамнан қалған еншім,
Сусып шығып кетті ғой қолдан ол шын.
Кім бөктермес мүлкіңді бөктергіге,
Күтіп ұстар иесі болмаған-сын.
Бір топ кетті шоқынып кәпірлесіп,
Жоғалтты өзін басқаға тақым қосып.
Он сан елге жік түсіп, жіліктеліп,
Бөлшек-бөшек бөлініп жатыр көшіп.
Бөлшек-бөлшек бөлініп көшті ағайын,
Елді ойлайтын ешкім жоқ
Бос маңайым.
Қарасүйек он бір би бүлдірді елді,
Жеркенбейтін нәжістен шошқадайын.





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу