Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  78


Автор: Мақсат Әлсейітов

Кавказға хат

Кавказдағы ноғай туысқаным-ай,
Болсам ба деп ем өэіңде бір ай, құмықта бір ай!
Қу жоқшылықтың қолымды қырыққанын-ай!
Туысқаным-ай,
Сен мені ұмытпадың ба-ай!?
Алдыңда – Каспий, сүйенсең – артыңда Кавказ,
Шынтағыңды сүйеп жартасқа, толқынға хат жаз.
Толқыннан хабар күтеді, сағынып Сені,
Теңіздің арғы бетінен қаңқылдап ақ қаз.
Төгіліп едік қос шектен қоңыр үн болып,
Біз егіз қозы ек – емшекте жолығып едік.
Бөлініп кеттік... шапқанда бөрі-күн келіп
Басылмай жатыр...
қарт Каспий солығым болып...
Қайтадан көйлек киер ме ашылған тәнім,
Қайтадан қапқа түсер ме шашылған тарым.
Қайтадан көктеп шығар ма қасымнан менің,
Өртеніп кеткен ен тоғай – жасыл орманым.
Аунап бір қунап қайтсам ғой араңа барып,
Арқалап алып қайтсам ғой далама шабыт.
Сен мені,бауырым адаспай табар ма екенсің,
Алау ғып қойсам жүректі жағаға жағып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу