Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  143


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Əйелі бар көршімнің қыздай ғана...

Əйелі бар көршімнің қыздай ғана,
Өңі – сары,
Көздері тұздай ғана.
Бір міні жоқ бойында,
Тек күлмейді,
Не айтсаң да тіксініп,
Сыздай қалар.
Жүрісі де шіркіннің білінбеген,
Ұры көзге зат қалмас ілінбеген.
Танымасаң,
Білмесең бір басқа ғой,
Ал шын сыры құйқаңды тілімдеген.
Жоқ, көкайыл емес ол,
Сапылдаған,
Өсегі жоқ езуден лапылдаған.
Шағып қана алады,
Зəрін төгіп,
Беттен ала түседі,
Жақындама!
Сарын бар-ау, ибада,
Қарым бар-ау,
Мейірі жоқ əйел де жарымжан-ау?!
Құлын мүсін,
Қош көрік берген Құдай,
Мінезіне келгенде – тарылған-ау?!
«Мінез...» дерсің,
Бірақ ең ерсі жері,
Інішектің кінəсіз тершігені.
Жөн сұрасу... қайдағы,
Ұшырасса,
Көрмегенсіп қашады көршілері.
...Бас изесіп жүреміз танығасын,
Ерін қорлай қоймайды-ау анық асыл?!
Сондай əйел көргенде –
Күйеуіне,
Кетеді-ақ, біртүрлі...
Жаным ашып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу