Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  413


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Немере

Ой, шiркiн Құдай неткен шебер едi,
Табыс пен тауқыметтi тең өредi.
Мауқыңды бiр бассын деп бере салған,
Балаңнан жалыққанда –
Немереңдi.
Былдырлап «Ата» дейдi …
Анық баймын,
Қылығы қанат болып қалықтаймын.
Бар ниет сол тентектiң асты-үстiнде,
Àйналып-толғанудан жалықпаймын.
«Бұл Сiздiң балаңыз…» деп
«Алдайды» ұл.
Бауырыма тығылар балдай ғұмыр.
Мейлi ғой,
Қалбалақтай беремiз де,
Мейiрiм қанша искесем қанбайды бiр…
Бiлсеңiз,
Онсыз өткен күнiм – сағым!
Сипалап алтын айдар – тұлымшағын,
Перiште салды ма екен ауызына,
«Жазушы болам» – дейдi
Құлыншағым.
Өмiрдiң жалғасынсыз кiсi – пенде,
Жанымның дидар,
Өңi,
Түсi – менде.
Тəубамды жаудырамын Тəңiрiме,
Сапардың үзiлмесiн түсiнем де…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу