👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  35


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Жылжығанмен жұртымның көші ілгері...

Жылжығанмен жұртымның көші ілгері,
Бодандықтың бұғауы кесілмеді.
Бас айналып бақыттан,
Мастандандым-ау,
Тəуелсіздік – текті Ием,
Кешір мені!
Кешір мені, Киелім,
Сасқан шақта,
Шылқымай тұр шекеміз шаттансақ та.
Жетім бала сияқты жəудір күндер,
Сығалайды жанары жасқаншақтап…
Міндет мүлгіп,
Құқықтар өріп жатыр,
Рухсыздық араны бөліп жатыр.
Бостандықтың сен берген қазақ…
Емес,
…стандықтар қызығын көріп жатыр.
Құтылмаған құлдықтан қабақ қату,
«Жаңашылдың» ұққаны баю,
Сату.
Сайқалдардай сыланған кемісім көп,
Жетістігім жар салар:
Ел-жұрт тату.
Емексітіп келеміз ертекпенен,
Үрлей беріп үмітті көрсек деген.
Тегін келген сен-дағы тауар ма едің,
Қан түгілі (беті аулақ!),
Тер төкпеген?!
Мың толғатқан халқымды…
Зар туынды-ай,
Ардақтасақ болмас па Ар туындай?!
Жүр ме екенбіз түсінбей қадіріңді
Тегін келген тағдырдың тартуындай?!
Емес едік тегінен тасырлардың,
Састық та-ау көшкенде жасырған мұң?
Сіңіре алмай жүрміз де сыбағаңды,
Бəсіресі едің ғой ғасырлардың?!
Бұғанасы қатпаған балаң елге,
Өткен ізі ақтабан жалаң елге,
Аузы күйіп,
Суды да үрлеп ішер –
Алаң елге, Тұғырым, нала көрме!
Етек жауып,
Ес жиып,
Күйік кетіп…
Сарайыңды саламыз сүйікті етіп.
Аманаттап ұрпақтың ұрпағына,
Өзің тіккен туыңды биіктетіп!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы