Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  145


Автор: Қадыр Әлімқұлов

2-монолог

Сəулесіне Айдың шомылып жатқан сүт-түнде,
Сүйіктім, мені тауысып тағат күттің бе?!
Сағым боп жеткен,
Сіңісіп кеткен сезімнен –
Сағыныш сауып біттім мен!
Түсінем, жаным,
Тылсымын түннің тұңғиық,
Күрсінем мен де жүрекке жүдеу мұң құйып.
Селдеткен күйді
Тербеткен ақпан желінен –
Аһілей ұшқан үнге ұйып…
Көңілді қойшы,
Өксіді-ау өмір-көтерем,
Қанатым жоқ қой,
Ұшып-ақ лезде жетер ем.
Жанартау болып атылған мына аптықпен,
Қаныңыз түгіл,
Жаныңызға сіңіп кетер ем!
Еріккен боран желіккен сайын ысынып,
Кеудені қысқан көрпені кейін ысырып:
Сезімді жырлап,
Төзімді ұрлап – теңселген,
Арманның құсын ұшырып.
Тыста жел үдеп,
Жаным да жүдеп,
Жатты ұлып,
Əл-дəрмен бітіп…
Жүйкемді түтіп тəтті үміт.
Сенімім ғана ертеңмен жіпсіз жалғайды,
Ауысар түннің,
Қауышар күннің шаттығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу