Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  133


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Көйлегің-ай, көк көбелек пішінді...

Көйлегің-ай, көк көбелек пішінді,
Айқындаған денеңдегі əр мүсінді.
Балқып бара жатқанымды түсіндім…
Көйлегің-ай, көк көбелек пішінді.
Шарап-қылық ішкен сайын шөлдеткен,
Сезімімді қытықтайды селдеткен.
Иығыңнан сусып түскен көйлектей…
Шарап-қылық ішкен сайын шөлдеткен.
Шыт көйлегің сусып түсті…
Күй ақты,
Үздіккен үн алып ұшқан сияқты.
Бірге шешіп тастағандай ұятты,
Шыт көйлегің сусып түсті…
Күй ақты.
Содан, содан…
Көйлек қалып жайына,
Мендегі Күн көгенделіп Айына,
Көкпеңбек кеш көрпе болып жайыла,
Содан, содан…
Көйлек қалып жайына…
Көйлегің-ай, көк көбелек пішінді,
Айқындаған денеңдегі əр мүсінді.
Балқып бара жатқанымды түсіндім…
Көйлегің-ай, көк көбелек пішінді.
Сығып беріп жата берсем күшімді,
Көйлегің-ай, көк көбелек пішінді!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу