Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  1174


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Шерхан Мұртаза немесе орда бұзар орақ тiл

Тау өзенi тасқынды,
Жан сырындай,
Жан сыры оның арайлы нар шыңындай.
Безбүйрек бұл заманда бас жаратын,
Тас жаратын сөз керек тау суындай.
Заманыңды күйелеу – күпiршiлiк,
Кiлең тойдан тұрмас-ты бұ тiршiлiк.
Туғанына жақпайды тура айтқан жан,
Тiл кеспек жоқ, əйтеуiр…
Шүкiршiлiк!
Жан аға, отты ойыңды кiм аңдамақ,
Əр ойың болашақта ұланға – бақ.
Сайын дала төсiнде самаладай,
Қалықтап жүр əр сөзiң қыран қанат.
Барыс аға – көңiлi қалыс Аға!
Бəрiне де қазақтың таныс аға.
Өр халқыңның жiгерiн жани бергiн,
Шабыс алмас қамалды намыс алар.
Айта алмаймын оңды деп жайың мүлде,
Кiм ұсынған Заңды да дайын күйде?
Санаулының бiрiсiң,
Жұртыңды ойлап,
Парламенттiң төрiнде пайым түйген.
«Қара маржан»,
Бес кiтап «Қызыл жебе»,
«Ай мен Айша» – желiсi үзiлмеген.
Сол «Бесеудiң хатына» қолды қойып,
Iлiнер ме ең, кiм бiлген, тiзiмге де?!
Шиырлаудан шаңдайды неге iзiмiз,
Қайран тiлде арна-тар,
Кемерi-құз.
Санада тұр: «Айыр тiл – жыланға тəн,
Ойланыңдар, мырзалар!» – дегенiңiз.
«Жесiр дауын» қойғанбыз…
Келдiк жауып,
Таусылмайтын тартысың – Жердiң дауы.
Егiсiмдi жалмаған шегiрткедей,
Сен де шеттен, бiтпес дау, келдiң бе ауып?...
Жарық – жайсаң дегенде,
Түнек – шерлi,
Тəнтi болған iсiңе түлектер де.
Өткiр өрiм,
Орақ тiл,
Орамды ой,
Көсемсөзiң жiбiттi жүректердi.
Бiрi – бiлiп,
Бiреуi – аса бiлмей,
Үшiншiсi көзге де жатады iлмей.
Кие қорғар майданның ортасында,
Өзiң жүрсiң шайқасып баһадүрдей!
Қарамай қызметiне,
Жасына да,
Бiрде – қатал,
Бiрде – мəрт, асыл Аға.
Жалпы қазақ iшiнде жалқы қазақ –
Шапағатың маған да шашыраған.
«Əдемi əн əсерi – өреге шам,
Елiктегiш,
Есер саз бере ме сəн?
Бүгiнгiдей заманда мейiрiмсiз,
Сенiң мына «Бауырың…» –
Керемет əн!
Iркiп алып iнжуiн арамтерден,
Қарағым, Құдай саған талант берген.
Алла еншiсiн халқыңа қайтарып бер,
Қазақ көп пе елдi ойлап,
Қалам тербер?!»
Өр өзенде арын мол, ал су-ылай,
Ұлтжандылық сезiмнiң қаңсуын-ай!..
Балаң елге табаны жалтыраған,
Арқыраған сөз айттың тау суындай.
«Шер-ағаң» деп ширығар қай қазақ та,
Шындық шыңы секiлдi тауда жатқан!
Айналайын, ұртыңнан – бата тамар,
Айналайын, мұртыңнан – айбар атқан!
Намыс найза болғанда,
Ар – қамшы едi,
Жерiм,
Тiлiм,
Рухым – арман шегi.
Көңiлiнде көзi бар түйсiндi-ау,
Шерхан аға, жадырап,
Тарқат шердi.
Ұлылық – тек даңқты алу ма атып,
Шоқ берген соң Тəңiрiм,
Жану – Бақыт!
Тарғыл-қоңыр даусыңмен аңыратшы,
«Бесқарагер»,
«Ғалия-Банулатып»…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу