Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  94


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Демократия: халық пен билiк

Демократия бесiгi,
Кешегi Рим деседi.
Теңдiктiң сол бiр көшi ұлы,
Тiрелген жерi осы едi.
Мейлi ғой,
Қалай дегенде,
Əдiлдiк сонда орнапты.
Қарауды тiзiп көгенге,
Ардақтап арды қорғапты.
Береке бiтiп бiрлiкпен,
Тiрлiкпен қала гүлдептi.
Шығандап қорлық,
Мұң бiткен,
Əлемге өзiн үлгi еттi.
Бар билiк толық халықта,
Ел болып бəрiн шешiптi.
Айналып халық алыпқа,
Айдарынан жел есiптi.
Жүзеге асқан, тек қана,
Көп дауыс жиған iс-шара,
… Солай дер бiзге əфсана,
Əдемi:
Қысқа,
Нұсқа да.
Пысықай менен мансапқор,
Қолдарын созды билікке.
Сананы қуып сан-саққа,
Ақылды арбап,
Килiктi.
Азғырып,
Елдiң дауысын,
Сатып ап жатты ақшаға.
Өтiрiк,
Өсек қауышып,
Айналды бастар шақшаға.
Саудаға түстi тағдыр да,
Жүнжiдi жұрттың жүйкесi.
Иесiз иттей қаңғырды,
Əдiлдiк жетiм күй кешiп.
Қолдамады ешкiм билiктi,
Болмағаннан соң қайыры.
Шiдерлеп небiр жүйрiктi,
Ұяттан жұртты айырып…
…Қазiр де сайлау өтуде,
«Меңгерiп» дауыс сатуды.
Құрбандық болып кетуде,
Ұйытқан елдi татулық.
Жiк-жiкке бөлiп ел iшiн,
Ыдырап ырыс кетпей ме?!
Ал соның бəрi не үшiн,
Мансапсыз өмiр өтпей ме?!
Қалың ел деген – ақ жаңбыр,
Қарық та ете салады.
Қалың ел деген – тасқын бір,
Шайып та кете алады!
Отырған жоқпын бал ашып,
Құлқынға басты имейiк.
Арымызды аттап…
Адасып,
Римнiң кебiн кимейiк.
Ойлашы бiр сəт, ағайын,
Билiктiң мəнiн бiлдiк пе?!
Сайлаудың көрдiк талайын,
Оданда ұмтыл бiрлiкке!
Айғайлау керек мұң қылып,
Көндiккенменен басқаға:
Руханияттық құндылық,
Сатылмау керек ақшаға!
Əфсана тағы бар былай,
Əлгiге, тiптi,
Кереғар.
Құдайдың салған қорлығы-ай –
Бiр апат төндi қалаға!
Өкiнiш өртеп өзектi,
Əзəзiл түсiп араға.
Зауалға тап боп кезектi,
Лап қойды қатер қалаға.
Бермеген сырын сырт жауға,
Iшiнен ендi ел iрiдi.
Пəтуа кеттi жұрттан да,
Шайқалып шаңырақ,
Құрыды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу