Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  102


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Жаңылмаймын халқымды ұлықтаудан

Байлығыма көз сұғып,
Құнықты-ау жау,
Бiрақ менiң мұратым биiк таудан.
Ғұмыр – қысқа,
Болғанмен, тұғыр – нұсқа,
Жаңылмаймын Халқымды ұлықтаудан!
Жазуымен жазмыштың тасқын ықты,
Бiреудi – тоқ,
Бiреудi аш қылыпты.
Барға көнiп,
Тез өнiп…
Кетер ме едiм,
Тапшылықтан сомдасам жақсылықты?!
Жаратпаған Жасаған жасық қып та,
Көштен қалып қоймауға асықтық та.
Алға! – дедiк,
Ұмтылдық,
Алла берiп,
Ғашықтықтан биiкпiн пасықтықтан!
Нақтылыққа көшкенмiн тұспалдықтан,
Жұртым тектi екенiн дұшпан да ұққан.
Тiлек берген Тəңiрiм
Жүрек берген –
Құштарлықтан бармадым iштарлыққа!
Ешнəрсе де жетпейдi шын достыққа,
Дос пейiлi ешқашан тұрмас-ты ықта.
Басыңда бақ,
Досыңсыз тұрмас құт та.
Көңiлiмнiң құлымын,
Ел ұлымын –
Қимастықтан ұластым сыйластыққа!
…Тiрнектетер пенденi
Тiрлiк-пана,
Түрлендiрер ойымды жыр ғып сана.
Тiлек те бар,
Бiлек бар,
Қажеттiсi –
Жұдырық боп жұмылған
Бiрлiк қана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу