Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  98


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Өтер өмір өртке тиген дауылдай...

Өтер өмір өртке тиген дауылдай,
Саралаумен фəни менен бақиды.
Өткен күндер
Туып-өскен ауылдай,
Өтер өмiр өртке тиген дауылдай,
Таңғы саумал таңдайыма татиды.
Шаң да шұбап
Шудаланған түтiндей,
Жалбыз исi танауыңды қабады.
Тiршiлiгiң – қалған лашық күтiлмей,
Уақыттың ұңғысында ағады.
Ұмытты ұл-қыз,
Жерiгендей қағынан,
Атасының атамекен – кiндiгiн.
Бозторғайдың боздақ үнiн сағынам,
Түрiп қойып көкiректiң түндiгiн.
Көкпар,
Бəйге…
Тақымға ендi түспейдi-ау,
Сен осыны сезесiң бе, бауырым?
Ендiгi ұрпақ кəусарыңнан iшпей ме-ау,
Алқам-салқам,
Ақжарылқап ауылым?!.
Тiнiң түгiл
Тамырыңды жаңқалап,
Отқа жақтық,
Орман болған дарағым.
Замананың көзi тұрса қанталап –
Қайта бүршiк жарасың ба, қарағым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу