Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  78


Автор: Болат Жетекбай

Қарақұм

Шөлден әбден қаталаған қайран жер,
Қабылдап ал Амудария тасқынын!
Арманың да ақиқатқа айналды-ау,
Шұрайланып, құнар-нәрін ашты құм.
Арманың да ақиқатқа айналды-ау,
Тәңірінің бергеніне ел риза.
Дарияның басы сөйтіп байланды-ау,
Мұндай алып құрылысқа – мен риза.
Құрыш қолдар! Қопарардай тауды да,
Арна түзіп, арық қазып келеді.
Өрнек сызып кең өлкенің саурына
Қарақұмның бағын ашып береді!
Мақташылар жорық салып, беттейді
Қу тақырға, құм суырған өңірге.
Қарақұмда бау мен бақша көктейді,
Өрік гүлдеп, гүлзар жайнап жерімде.
Құжыралы ауыл өсіп, қала боп,
Рельспен пойыз жүйткіп зулайды!
Құдды мен де кеткендеймін бала боп,
Қуаныштан тасып қаным тулайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу