31.05.2022
  132


Автор: Ескен Елубаев

ЫЗАҚОР

Су басына
Күшiк жеттi.
Жеткен бойда
Жүзiп кеттi.
Су басына
Мысық жеттi.
Келген бетте
Жүзiп өттi.
Бұзауың да,
Құлының да,
Келген жоқ-тын
Бұрын мұнда.
Сонда да олар
Бiрден малтып,
Су бетiнде
Жүрдi қалқып.
Бəрiн көрiп
Жақып отыр,
Ала көзбен
Атып отыр.
Екi көзiн
Сүзедi кеп:
«Малтуды ешкiм
Үйреткен жоқ,
Бұлар қалай
Жүзедi?» – деп.
Малтуды олар
Бiлiп туған,
Соған жаны
Күйiп тұрған.
Сонда деймiз,
Жақып неттi?
Жүзбекшi едi,
Батып кеттi.
Бұл өмiрде
Адам үшiн
Бəрi қиын,
Соған түсiн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу