31.05.2022
  87


Автор: Ескен Елубаев

СЕГIЗКӨЗ

Күндегi осы жұмысы,
Сабақтан соң ермегi –
«Екiдегi» iнiсiн
Ермек жатып тергедi.
– Көрсет, – дейдi, –
Басыңды?
Ал шашыңды,
Қасыңды?
Ендi көрсет
Тiлiңдi,
Мойыныңды,
Мұрныңды?..
Көрсетiп, не сұраса,
Шатаспайды iнiсi.
Бiлгiр екен бұл аса,
Мақтар едiм мұнысын.
Ермегiң де қайтпайды,
Күнде сынақ алады.
– Бiр де қате айтпайды, –
Дейдi: – Iнiм саналы...
Көрiп бəрiн қызықтап,
Тамашалап тұрғанмын.
Келiп Ермек бұзықтан
Мен де тергеп сұрадым.
– Қай жерде айтшы,
Бүйрегiң?
– ...?
– Ал қай жерде
Жүрегiң?
– ...?
– Ал қай жерде
Бауырың?
– ...?
– Ал қай жерде
Жауырын? –…?


– Қай жерде айтшы,
Өт деген?
– …?
– Асқазаның
Өкпе мен?
– …?
Бұғана мен
Өңеш ше?
– …?
– Жұтқыншақты айт, ендеше?
– …?
Бiраз өзiн тергедiм,
Оған жеңсiк бермедiм.
Сырын қайдан бiлейiн,
Əйтеуiр, бiр ұққаным –
Ермек батыр
Бiреуiн
Бiлмейтiн боп шыққаны.
Көрсете алмай талайын,
Қара тер боп састы өзi;
Қорс-қорс тартып танауын,
Сипай бердi басты өзi.
Iнiсiнiң көзiнше:
«Көп бiледi iнiң», – деп,
Сөктiм оны
Өзiмше:
«Жарамайды мұның», – деп...
Қарап тұрып адамды
Өстiп құдай ұрады.
– Қай жерде? – деп ол менен
«Сегiзкөздi» сұрады.
Кiм бiлiптi
Ондайын,
Састырды ол өзiмдi.
Бiлеушi едiм,
Оңбайын,
Алақтатты көзiмдi.
Қинап кеттi сол сұрақ,
Айттым оған долбармен:
– Сегiзкөз бе,
Ол, сiрə,
Қарт адамда болар, – деп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу