31.05.2022
  85


Автор: Ескен Елубаев

ҰМЫТШАҚ

Ұмытшақ Жүсiп түс көрдi,
Түсiнде қызық iс көрдi.
Жалғыз өзi
Түсiнде,
Шөп шабуға келедi.
Шабдар аттың үстiнде
Бүкең-бүкең желедi.
Қоржын толы тамағы,
Шалабы бар бiр қарын.
Таңдады тау қабағын
Жерi майса,
Гүл қалың…
Айтар болсақ
Арғысын,
Тұрды дел-сал күйiнде.
Шөп шабатын шалғысын,
Сөйтсе,
Ұмытқан
Үйiнде…
Тағы бiрде
Түсiнде
Балықшы екен – қараса,
Отыр қайық үстiнде,
Көлде өзi оңаша.
Ескегiн тез еседi,
Терең жерге жетiптi.
Ау тастайтын десе ендi,
Оны
Ұмытып
Кетiптi…


Жəне бiрде
Қараса –
Комбайншы – өзi екен.
Шабуға ол жараса,
Егiн пiскен кезi екен.
Кiрiсе бер тек iске,
Шапсаң егiн дап-дайын.
Сөйтсе, өзi кеп егiске,
Ұмыт
Қалған
Комбайн…
Содан шошып оянды-ау,
Қызығы бұл түсiнiң –
Олақтығы болар-ау
Өңiндегi iсiнiң.
Оның барлық себебiн
Анықтаған,
Бiлген –
Мен.
... Сабағына дəптерiн
Күнде
Ұмытып
Жүргеннен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу